Ер есімі - ел есінде

Бұл бөлімде сіздердің назарларыңызға басылым беттерінде жарияланған мақалалар ұсынылады.



загогулина



«Жоқ, ол ұмытылмайды!»
Тобық«Отамалы». Бұл – ақтөбелік талантты жазушы Тобық Жармағамбетовтың баспа бетін көрген тұңғыш туындысы. Қалам сілтесіне қарағанда, оның кітапқа шықпаған көркем дүниелері облыстық газетте жариялануы әбден мүмкін. Сөз еткелі отырған «Отама­­лы­сын», шатас­тырмасам, мектепте жүр­генімде «Жұлдыз» журналынан оқы­ған сияқтымын. Біледі-ау деген әр-әркімнен сұрастырғанымда көбі екіұшты дүдәмал пікірлерін білдірген. «Газет-журналдардың бірінде жарияланған болуы керек…». Ал ең ақиқаты бұдан елу жыл бұрын «Таңғы шық» жинағынан оқығам. Балаң шақтағы әсерімді майын тамызып, маңайымдағы сыныптас достарым мен көрші-қолаңның өзіме тетелес қара сирақтарына қос жанарым боталап тұрып шертіп бергенім еміс-еміс есімде…
Содан бері осы аңыз-әңгіменің ұзын-ырғасы қанша мәрте қайталанып айтылды десейші. Оның да себебі бар. Әдеттегі қазақшылық әсірелікке басып мың мәрте, жүз мәрте демей-ақ қояйын, әйтеуір жыл сайын көктемнің соңына таман сүр қар сұйылып, жер жалаңаштана айналып соғар алай-дүлей ызғарлы боран кезінде еске түсіретінім анық. Өйткені, табиғат-құдірет ешқашан қателеспейді, өз амал-әрекетінен жаңылмайды да. Табан астынан, тұтқиылдан төнген сынақ сағатының салмағы мен сабағын өлшеп-екшеу мүмкін де емес.
Ғажабы сол, осынау сұрапыл сәттің суретін сиқыр сөзбен сызған Тобықтың әңгімесін бейжай оқи алмайсың. Шамырқана шиыршық ата басталған хикая бірден баурап ала жөнеледі. Әл­қиссасына үңілген мезетте-ақ оқиға ішіне сүңгіп кеткеніңді аңғармайсың, аза бойың тітіреп, сай сүйегің сырқырайды. «…Қаптай жауған қар қиыршықтарының әрқайсысында осы аңыздың мұз боп қатқан түйіршіктері ұшып жүреді. Сол кезде аңыздың әлсіреп жеткен зар-шері кең даланы көктемгі тұмандай бүркеп кетеді. Бұл мұң біресе жазыққа жайылып, біресе бұлтқа сіңеді. Биік құздың басынан жел болып құлап, сай-салаға тығылады. Өзен бетінде шыны толқын болып ойнайды. Жер үсті, аспан асты жүрек зарына толып, төбелердің баурайын қайғы шарбысы қорғап алады».
Аңыздан арна тартқан шып-шымыр әңгіменің көтерген жүгі зілмауыр. Желмен бірге жеткен шер құлазыған қазақ даласының тарих қатпарларына айналған көне кескінін көзіңе көлбеңдетеді. «Әр төбенің баурайында тілін жалаңдатып жұт жортады. Әр төбенің ар жағынан суырылып шығып, боран ышқынатын. Әр төбенің астында қасқыр жататын. Сол көп төбелердің бірінің баурайында Отамалы деген қойшы өмір сүрген екен».
Мінеки, трагедиялы әңгіменің бас геройы – осы Отамалы қойшы. Бүкіл ғұмырын байдың есігінде, қойдың соңында өткізген талайсыз жанның ая­нышты халін өзек еткен шағын шы­ғар­маның мегзер ойы тұңғиық. Жалғыздық – Отамалыға тағдыр теліген сый. Қаршадайынан ата-анасынан айырылып, тұлдыр күн кешкен оның өксікті өмірі тауқыметке толы еді. Туыс-бауырды көрмеді, жақын-жуықтың жылы алақанын сезбеді, жар құшып, бала сүймеді. Баспанасы бай үйінің іргесіндегі шошайған жыртық лашық. Онда үш сирақты ошақтан басқа іліп алар ештеңе де жоқ. Оны мүсіркейтін, оны түсінетін тек қос мақұлық – қасындағы иті мен көктегі қарлығаш қана. Суық түсе қимай-қимай қоштасқан қарлығашы әзірге көрінбейді. Сыңар серігі екеуі ұзақ қысты әне-міне шығарып салмақ. Тақия төбелердің, жолбарыс жонды жоталардың жалаңаштанып, тіпті күнгей беттерінің көгеріңкі рең ала бастағаны байқалады. Сәл шыдаса, тәйірі немене бес күн де өте шығар. Бел босап, аяқ ұзарар күн таяу. Өмір өткелектерінің өткір өтінде шыңдалған Отамалы қойшы бәрін-бәрін аңғарады. Көмпіс те, байсал. Жаратқанның пешенесіне жазғанына мойынұсынса да, тіршіліктің қасіретті қамытын мойындамайды. Арыстан жалды асау ағысқа қарсы жүреді-ау әрдайым. Оның үстіне көкірегі сара қуаяқ жетімек табиғат тілін жетік меңгеріп, көңіл сарайына құйып алған. Оның жиған-терген тәжірибесі бір басына жететіндей-ақ. Өмірдің ауыр азабы мен даланың ащы сабағы үйреткен ғой. Қазір де ымырт үйіріле қолына таяғын ұстап шошаласынан шыққан Отамалының жүрегі әлденеден секем алғандай, басын шайқады. Расымен табиғат тамыршысы алапат бір сұмдықтың көз жетпес қияннан мысықтабандап келе жатқанын сезген-ді. «Күн шапыраштанып, қып-қызыл боп батып бара жатыр екен. Ол көзін қысыңқырап, күнге біраз қарады. Ішінен бірдеңелерді айтып күбірледі. Басын шайқады. Қырағы, әлі оты сөнбеген көздерін аспанға аударып, оған да барлай қараған болды. Алыстағы жардың басында бір топ қарға шуласып жүр. Отамалы басын тағы шайқады…»
Иә, ежелден айтылар жоралғы бар. «Кешке қарай қарғалар ұясына кірмей, ұзақ ұшты… Ертең күн суық болады, бүгін түн суық болады». Отамалы осы түнде қой жаюдан біраз қашқақтап көріп еді. Бірақ, оны түсінетін, оның сөзіне құлақ асатын бұл жалғанда тірі пенде табылмады. Өкініштің уын жаламас үшін кәнігі малшы өз ойын төңірегіндегі байдың жандайшап қожайынсымақтарына да ескертеді. Амал нешік, миғұла месқарын көрсоқырлық танытады. Кешкі құбылыстың сүрепетін, күн райының қабағын жыға ажыратар білігі жоқ желжуан қолын сілтейді. «Ұнамайдысы не? Құр сандырақ. Қайдағы боран? Қар кетіп, көктем келді емес пе?!» Отамалы түңілмеді. Байдың қаһарынан ықпай, тура өзімен тілдесуді жөн санады. Алайда, әлгінде ғана жылтыраған үміт сәулесі дір-дір еткен күйі жалп етіп өшкен. Танауының астынан арғыны көрмейтін бай мен қойшы арасындағы әңгімені жазушы Жармағамбетов шымыр диалогтармен шебер өрнектейді. Жеңіл қағытпа сауал-жауаптасулардан характерлер шарпысуын айқын көреміз. Кәнеки, текетірес эпизодқа зер салайықшы:
«Қара мұртты шұбатын ішіп болды. Зереңді кішірек қызына ұстатты да, біраз уақыт мұртын сүртіп отырды. Содан кейін көзін ашыңқырап, Отамалыға қарады:
– Отамалы намаздыгерде келмейтін!..
– Я, байеке, Отамалы намаздыгерде келіп отыр, – деді сөзін бөліп-бөліп салмақтап айтты.
– Отамалы намаздыгерде етігін жамайтын, я қойын қайыратын. Қойларын түнгі өріске алып шығуға дайындалатын.
– Дұрыс, байеке. Бірақ бүгін Отамалы етігін жамаған жоқ. Бүгін кешке қарай қарға ұясына кірмей, қиналып біраз ұшты… Отамалыға киім керек. Ертең күн суық болады… Бүгін түн суық болады…
– Оны Отамалыға кім айтты?
– Оны Отамалыға батып бара жатқан күн айтты.
–Күн батып кетті ме?
– Күн батты.
– Ендеше Отамалы мазасызданбасын. Күн айтты да кетті, ал Отамалы қойын өріске айдап шығуы керек.
– Отамалының үйінде ештеңе жоқ. Отамалыға қалың тон керек.
– Отамалыға көктем берілді.
– Отамалыға тымақ керек.
– Отамалыға жылы түн берілді.
–Отамалыға жақсы ат керек.
– Отамалыға екі аяқ, бір таяқ берілді.
Отамалы түнеріп қалды. Көпке дейін үндеген жоқ. Қастары көзін жауып отыр. Ақы­рында еріндерін ашып, қою дауыс­пен:
– Отамалы қойларды өріске шығар­майды. Күн суық болады. Түн суық болады. Қойлар ығып кетеді. Отамалы қой­ларды өріске шығармайды, – деді.
Байдың көзі шапыраштанып кетті.
– Қазірден бастап Отамалы қойға кетеді! – деп ақырды.
Отамалы үндеген жоқ. Баяғы міз бақпас күйі. Бірақ бұл жолы байға қарап қалыпты. Түйіліңкірей қарағандай. Ас­­панда жүрген бүркіттің төмендегі жән­­діктерді байыппен шолатынындай көзқарас. Біраз отырыстан кейін жаймен ғана:
– О, Жапан, мен айтып болдым, – деді. Осы кезде ұршығын тоқтатып қойып, манадан әңгімеге құлақ түріп отырған байдың әйелі шап ете түсті.
– Ендеше жазығың да болды. Айтты ғой саған. Немене, тісіңді тіреу, жағыңды сүйеу қылып.
Отамалы әйел жаққа қараған жоқ. Тек Жапан байға қадалып қалыпты. Жапан әйеліне бірдеме дер ме екен деп күтіп еді, бірақ ол әйелін қоштағандай үндемей қалды.
Сосын Отамалы жайлап түрегелді де, бұрылып шығып кетті. Есіктің алдында иті әлі тұр екен. Ол күннің батып кеткен орнына қарап тұр. Иесін көріп, құйрығын бұлғаңдатты.
Дала қараңғыланып қалыпты. Темір­қазық, Жетіқарақшылар көріне бастаған. Олар бір жанып, бір сөніп, селкілдеп тұр. Ауа салқын. Жер беті сәл тоңазып, кілегейлене қататын түрі бар.
Отамалы үшінші рет басын шай­­қады…»
Күштінің аты – күшті. «Әй қайдағы мықтылық. Таза мәңгүрттік та. Әйтпесе, өз малы – өз байлығы емес пе?! Айдың-күннің аманында тажал аузына тығылмас еді. Мейлі. Басқа түскенді көрермін». Отамалы байғұс ескертпесін жұқалап та, жұмбақтап та жеткізген. Елп етпеді ғой ешқайсысы да. Ең өкініштісі құлаққа ілмегені. Дәрменсіз, түңілген Отамалы бай үйінен мойны салбырап шықты. Еңсесін тіктей алмаған қалпы әлгінде күн ұясына жасырынған көкжиекке соңғы рет жанар жүгірте, бұлтсыз аспанды шола барлаған.
Дереу құлазыған лашығына бас сұғып, қаңырап тұрған ошағымен іштей қоштасты. Бөгелместен кері оралған бойда күндегіше бір қора қойын алдына салып, түнгі өріске бет алды. Желдеп жайылған қой-ешкі көрінер-көрінбес көкті бытырлата үзіп, ашқарақтана ілгері ұмтылады. Әдеттегідей емес, денесі әп-сәтте мұздап қоя берген. Жұқалтаң кө­нетоз шапанының өңірін қапсыра орай бүркеген болды. Маңдай тұстан соққан ызғырық жел сумаңдап, етек-жеңінен бірдей кіріп, тұла бойын тінткілей бастады. Табанынан да сыз білініп, басындағы жылусыз құлақшынын милықтата қым­танған-ды. Әншейінде селк етпейтін Отамалының жүрегі де аспандағы дір-дір еткен жұлдыздардай, біртүрлі үрейлене, үркектей соғатын секілді. Жалма-жан күш-қуатын шақырып, маңайына сергек назар аударды. Қарлы құйын ақтүтекке ұласқандай. Найза қиыршық жер-дүниені бүркеп, іркес-тіркес төбелерді танымас­тай қымтап, сай-саланы қуалап жүр. Қылтанақтай бұта біткенді жұлмалап ызылдаған, ысқырған әлем-тапырық аласапыранмен жалғыз өзі алысып Отамалы келеді. Кірелі-шығасы есі бар ол отарынан көз жазып қалғысы жоқ. Үскірік боранмен жағаласып күнімен ықты, түнімен ықты. Ішін аяз қарып, аштық бүріп барады. Бірақ ащы өмір тұздығымен суарылған көнтері адам әлі келеді сүйретіліп. Қарлы қалың боран көз аштырар емес. Нешінші тәулік ығып келе жатыр? Анық бажайлай алмайтын тәрізді. Алдындағы жыланша ирелеңдеген қара-құраңнан біраз жайды ұққандай. Отары тоз-тоз болып шашылып қалғанға ұқсайды. Кеше ме, әлде алдыңғы күні ме, қойдың бетін ауылға бұрғаны?! Сонда бұ қалай? Ендігі ауылға жетіп жығылса керек еді? Мүмкін емес. Ә, сонда…
Отамалы еңіреп жылап жіберді. Айғайлаған үнін естірткісі келмеген шыны боран бір уыс қарды оның бет-аузына тығындай түсті. «Алла бейшарам-ай! Сорлым-ау! Жарықтығым-ау, енді не істейін…» Ағыл-тегіл көз жасы іле-шала үсіген бетінде қатып жатыр. Дауысы да құмығып шығады. Жанарының алдына қою қара мұртын алтын зереңге батырып, шұбат ішіп отырған Жапан байдың сұлбасы көлбеңдеп тұра қалған. «Ашқарақ жауыз! Қарғыс атқыр!»
Көңілге үміт сәулесін сыздықтатқан ұлпа мамық қар қойлардың жүрісін қиындатқан. Қатты аяз қайта тұрса, омбылаған қалыптарында серейіп-серейіп қатып қалары сөзсіз. Үсті-басына, құйрығына мұз моншақтарын қадап алған жалғыз серігі – иті де әбден қалжыраған. Иесінің қас-қабағын аңдап, мұңайысты қыңсылайды. «Енді не істейміз?» Қайтадан түн пердесін түсірді. Бұйрат төбелердің бозғылт бояуларын қараңғылық демде жұтып жібергендей. Ақ түтек қайтадан ішін тартып ызылдай бастаған. Қойлар да, ит те, боран да суық қараңғы түннің құшағына сіңіп кетті. Таяқ тастам жерді көре алмай қиналған Отамалының есіне бай мен оның әйелі, қыздары ауық-ауық оралады. Бейқам-ау, бейқам. Селк етпейтін сияқты. Көмек қолын созатын түрі жоқ. Бойындағы соңғы қайратын қайрап, жалынын қайта жаныған. Қойлар түнімен ықты. Боран ертеңіне ұзақ күнге толастамады. Сақал-мұртын мұз басқан Отамалы да долы дүлеймен кешке дейін арпалысып, қойлармен бірге ықты. Тұла бойын үсік шалып, өңменінен өткен өкпек жел әбден әлсіретіп, қатты қалжыратқан. Енді кішкене шыдаса, боран ашылмас па екен, көкек айында қар ұзақ жатқанда, ақирек ентігін баспай, осылайша тоқтамай соққанды кім көрген?!
Бірақ тағдыр не деген қатал. Бұған хас таланттың оқиға шарықтауын суреттейтін тұсы көзіңді жеткізе түседі. Төмендегі көріністі толқымай оқу мүмкін емес.
Отамалы түршігіп кетті.
«О, аспан! О, көк! Тәңірі!»
Желдің өтінде екі қолын қанатша жайып жіберіп теңселіп тұрып қалды. Көзі бұлдырап, ақ бораннан бөтен ештеңені көрмей кетті. Тағы қарады. Қойлар жаппай тоқтап, қарға ұйлығыса құлап жатыр.
Отамалының есі тағы ауып кеткендей. Еріні кемсеңдеп, ақ қарға көз жастары үзіліп түсті. Кенет құшақтап тұрған қозысы сусып қарға құлады. Отамалы да жерге ұшып түсті. Тез арада-ақ қозыны қардан суырып алғысы келді. Бірақ, үсіген қолдары қозыны дұрыстап ұстай алмады. Саулық маңырап, жаны шығып барады. Қозы бір-екі рет тұншыға маңырады да, үні өшіп қалды.
Отамалының демі тарылып, көмейіне суық толып кетті. Шапанын сыпырған болып, қолы жеткен жерді жапқыштап жүр.
Боран ызалы иттей ырылдап тұр. Отамалы бешпетшең. Арқасынан жел өтіп барады. Қолдары икемге келуден кеткен.
Кенет ол артына бұрылды. Қатып жатқан қозылар. Маңырап, жаны шы­ға қиналған әлсіз саулықтар. Көбі шоң­қиып-шоңқиып отыр. Қаншасы туа алмай қиналып жатқанын санап тауысу мүмкін емес. Боранның улы тілі бәрінің де маңайын жалап-жұқтап, зырғып жүр. Ол аяқтарын сүйретіп, бір саулыққа келді. Саулықтың көзіне де жас қатып қалыпты. Өлген мұз қозысын жалап, қақсап тұр. Отамалының жүрегі қарс айы­рылды. Жүгірген болып, ана саулыққа бір, мына саулыққа бір барды. Қозылар дүниеге келе сала қатып жатыр. Боран мен аяз жап-жас өмірлерді үзіп, топ үстінде ойнақтап, секіріп жүр».
Бетпе-бет келген өлімге қасқайып қарсы тұрған Отамалы мейірімсіз тағдырмен аянбай арпалысуда. Өмірінің ақтық сәтінде де арын сатпай күреседі, адамдық һәм пенделік қажырлы қай­ратын көрсетеді. «Қайдасың тас жүрек! Буындырайын! Тоқтаңдар, иттер, тоқтаңдар!». Үскірік желге құшағын жа­йып сұлап түседі.
Соңғы демі таусыларда «Тоқтаңдар, иттер!» деп ышқына айғайлап құ­лап түскенде, бес күн бойы бой бермей соқ­­қан ақтүтек боранның да омырт­­қа­сы сықыр-сықыр етіп үзіліпті-міс… Ысқырған желдің де аузына құм құйы­лып, тұншығып өліпті. Күннің көзі жадырап ашылып, қалың қар сел боп еріп кетіпті. Жетіқарақшы мен Темірқазық орындарына қайта келіп, селкілдемей бекем тұрыпты. Қойлар мен қозылар қызғалдақты баурайда мәңгі-бақи жайылып жүр деседі…
Ал бес күн соққан боранды халық «Отамалы», «Бесқонақ», «Құралай» атап кетіпті. Жыл сайын дәл осы уақытта бір соғып тұрады екен…
Жазушы Тобық Жармағамбетов ел ішіндегі аңызды арқау еткен қасіретке толы баянын серіппеше тартылған оқи­ғалар желісі арқылы ұтқыр өреді. Шойындай шымыр шығарманың әсері терең тебіреніске түсіріп қана қоймай, тікелей оқиғаның ішіне батырып жібереді. Тіпті кейіпкердің жанында жүргендей, ет жүрегің елжіреп, онымен бірге қиналып, онымен бірге күйзелесің-ау. Әңгіменің соңғы парағын жапқанда қос жанарың боталап, жан-дүниең құлазып, жүрегіңе жақын жайсаң жанды жоғалтып алғандай күй кешесің. Міне, жазушы шеберлігі – бұл. Қалам қуатының күштілігі – бұл.
«Отамалы» – повестьке бергісіз әдемі әңгіме. Қазақ әдебиетіне қосылған кесек олжадай көрінген тұңғыш туындысында бірден кең тынысын байқатқан қаламгердің өзіндік қолтаңбасы атойлап-ақ тұр. Кейіпкерлер мүсінін кейіптеу, образдың ішкі әлемін ашудағы тебіреністі де, тегеурінді монологтар, адам мен табиғаттың шайқасын бейнелеудегі психологиялық ой-иірімдер, жан күйзе­лісін кескіндеудегі сөз бояуы мен реңкі көңіл тойдырып, көз қуантады.
Белгілі сыншы Зейнолла Серікқалиев «Отамалы» әңгімесін аса жоғары бағалап, қордалы ойын төмендегіше түйеді.
«Халық трагедиясы – халық твор­чествосының мотиві, аңыз мотиві жалаң қайталанып қана қойған жоқ, бүкіл бір дәуірдің бетпақ жүзін бір аударып тастаған, адамгершілік атынан ауыр үкім оқыған телегей-теңіз сырға айналып кетті. Кең әлем көпсінген, кең әлемге сыймаған жұдырықтай өмір, мұңға батып буланған көз жасы, қарс айырылған көңіл, түтеп, жарылып кетейін деп тұрған ашу, кек, ыза, арпалыс, адам рухының ұлы жеңісі – бір әңгіменің бойында қаншама да­ру. Бұл шығарма тұнып тұрған ой, образ».
Иә, бұл әңгіме не үшін керек? Бұл әң­гіме ата-бабалардың өткен өлмеші өмірін, ауыр азалы тіршілігін танып, түсіну үшін керек.
Бұл әңгіме уақыт үнімен сарындас. Бүгінгі бостан да, азат ойдың биігінен зерделесек те, өз мәнін еш жоймайтынын айқын сезінеміз. Қазіргі бақытты өмірді бағалау үшін де осындай ғұмырлы туындылар қажет-ақ!
Кезінде өз бет-бейнесін қалам қары­мымен айшықтаған тума дарын иесі Тобық Жармағамбетов өнернамасы хақында көрнекті әдебиетші-ғалымдар, ақын-жазушылар мен замандастары жылы лебіздерін білдіргені мәлім. Тахауи Ахтанов, Қалихан Ысқақов, Мұхтар Мағауин, Мағзом Сүндетов, Төкен Әбдірахманов, Қажығали Мұ­хан­бетқалиев, т.б. тәрізді сөз киесін қас­терлеген қаламгерлердің ой-пікірлерін мерзімдік баспасөз беттерінен талай мәрте оқыдық та.
Жақсы жазушы атанған Тобық аға­ны өз басым танымаймын. Бірде-бір рет көріп, жүздесудің сәті түспепті. Шал­ғайда жүргендіктен шығар. Қазақ­стан Жазушылар одағы шығарған анық­тамалықта да өмірден қырық жасында өткен суреткер жайында өте сараң жазылыпты. Үстіміздегі жылқы жылы сексеннің сеңгіріне шығар еді. ҚазМУ-дің филфагын бітіргеннен соң туып-өскен елінде мұғалім болыпты. Облыстық телевизия мен Ақтөбе облыстық газетінде жауапты қызметтер атқарған. Көзі тірісінде «Нәзік бұлттар», «Екі жүрек», «Сентябрь түні», «Соңғы хат» кітаптары жарық көріпті. Ал 1984 жылы «Жазушы» бас­пасы елу жылдық мерейтойына орайлас­­тырып повестер мен әңгімелерін «Ақ жауын» деген атпен шығарды.
Көркем әдебиеттегі дара сүрлеу-соқпағын әуелден-ақ құрметтейтін Зейнолла Серікқалиев қазақ прозасының қазыналарын басып шығаратын төл жобасы «Раритет» баспасынан толғаныс-толғамы күйлі-мұңды прозашының «Отамалы» жинағын ұсынғаны оқырман қауымға белгілі.
* * *
… Қадірлі оқырман, тақырып аясында өзім естіген мына бір жайды айта кеткім келеді. Әңгімеміздің тұздығына жарап қалар. Әлі есімде. 2009 жылдың қоңыр күзі еді. Ару Алматының мүлгіп тұрған шағы. Нағыз мизамшуақ. Жыл құсындай он екі айда бір айналып келер еңбек демалысын тиімді өткізуді ойлайсың ғой. Әдеттегідей екі аптаңда курортта «жөнделіп» алып, қалған күндеріңді туған-туыстарың мен дос-жарандарыңа арнайсың. Аман-саулығын біліп, сәлем беріп дегендей. Мәңгі ұмытылмас жастық дәуреніңнің куәсі болған гүл-қала, арман-қала Алматының әр бұрышы, әр ғимараты көзге ыстық. Сондай жүрекке жақын ұялардың бірі – Абай мен Гагарин даңғылдарының қиылысында бой көтерген Баспалар үйі. Қазақ қаламгерлерінің құттыханасы. Мен үшін әуелден киелі де, қасиетті саналатын Қазақстан Жазушылар одағының шаңырағынан кейінгі қастерлі мекен – түрлі баспалар орналасқан алты қабатты ғимарат.
Қазақ әдебиетінің алыптары Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсірепов бастаған марқасқалар тобына ілескен классиктер мен сөз зергерлерінің дені осында еңбек етті. Қаламгерлердің талай буыны алмасып тер төгуде. Қазақ ақын-жазушыларының кітаптары, білім ордаларының оқулықтары тура осы жерде жазылып қалың оқырманға жол тартуда. Біз егжей-тегжейлі әңгіме тиегі етіп отырған жазушы Тобық Жармағамбетов повестері мен әңгімелері де дәл осында әзірленіп, кітап боп басуға жіберілетін. Бұл жолы да жақсылықтың үстінен түскенбіз. «Қайнар» баспасының директоры, белгілі қаламгер Оразбек Сәрсенбаев ағаға, «Ана тілінің» тізг­і­­нін ұстап отырған Жақау досқа (Дәуренбеков) кіріп шықтық. Мәре-сәреміз. «Жазушы» баспасының бас редакторы Дүйсенбайұлы Есенбай ағаға арнайы жолығып, сәлем берген едік.
– Аман-есенсіңдер ме? Халдерің қалай? – Салмақты қалпынан жазбайтын Есаға бар ынты-шынтымен жөн сұраған. – Газеттеріңді оқып тұрамын. Бәрі жақсы ғой. Бірақ, өлеңді өте аз басасыңдар. Поэзияға орынды көбірек берген дұрыс. Ақынжанды қазаққа өлеңдер артық етпейді.
– Пікіріңіздің жаны бар. Жұрттың дені біздің «Егеменнен» әдеби дүниелерді молынан күтетін секілді.
– Міне, мен соны айтып отырмын емес пе, – деді де Есенбай аға алдында жатқан үш-төрт кітапты маған ұстатқан. Артынша жымиып күлді. – Түнеугүні маған Мұхтар Мағауин звондады.
– Прагадан ба? – дедім шыдамсыздана килігіп.
– Жо-ғ-а, – деді ақын аға қатты таңыр­қай. – Осы жерден, өзіміздің Алматының аэропортынан. Сенерімді де, сенбесімді де білмедім. «Жаңа ғана Чехиядан жеттім. Алмания арқылы ұшқанбыз. Әбден қалжырап тұрмын. Мұнда көп кідірмейміз. Ертең елге, Баршатасқа тартамыз. Қайтарда асықпай, жата-жастана шер тарқатамыз ғой. Есенбай, менің саған айтайын деген тығыз шаруам бар. Соны жылдамдатып қолға алшы. Біз Тобықты есімізден шығарған сықылдымыз. Биыл оның жетпіс бес жылдығы. Әзірге ешқайсымыз үндемейміз. Тездетіп өзің әдемі бір еске алу жазшы. Шіркін, өзім-ақ қағып тастар едім, бірақ уақытым жоқ. Өзің біліп тұрсың… Созылып кетеді ғой… Үш-төрт күн жатпай-тұрмай бірдеңе қылғайсың. Бая-ғы-да «Сентябрь түнін» бүкіл жатақхана кезекке тұрып оқығанымыз қайда?.. Соны шынымен-ақ ұмыттық па? Ә?.. Жоқ!.. Тобық ұмы­тылмайтын жазушы!»
– Расында қызық екен. Бір жағынан Мұхаңның азаматтығы…
– Сөйтіп, Жанатжан, сенің Мұхтар ағаң маған үлкен жұмыс тапсырып кетті. Жалпы, өзің Мағауин туралы жақсы жазып жүрсің. «Егемендегі» материалың ұнады. Сонымен Тобық жерлесім жайлы эссе жазбақпын. Мұхтар досымның сөзі біраз ой салды маған… Қазақтың ғажап жазушысы хақындағы жүрекжарды лебізі көкейімнен кетпейді-ау, кетпейді. «Жоқ, ол ұмытылмайды!» Мен де естелік-эссемді тура осылай атайтын шығармын… Бұдан артық тақырып таппаймыз.
Әлгінде ғана қолыма ұстатқан кітап­­тарды аударып-төңкеріп қызыға қарағаным есте. Бәрі де әр жылдары жарық көрген Тобық Жармағамбетовтың кітаптары. Кейбірінде жазушының сыйға тартқан қолтаңбалары жазылыпты. Почеркі оқушы баланың жазуындай көркем көрінген. Толық мәтіні ойымда қалмапты. Көшіріп алуды ескермеппін. О кезде Тобық аға автографының қажет боларын білді дейсіз бе?! Орайлы тұста жадыдағы көріністі жаңғыртып жатқаным да. Есенбай ағаның бірде жазушы Тобық Жармағамбетовке қатысты жоғарыдағы Мағауиннің айтқандарын Қазақ радиосынан сыр ғып шерткенін де естігеніміз бар. Қаз-қалпында. Содан бері де төрт-бес жыл зулапты. Өмір-жалған соңына қарайлаушы ма еді? Таңдайында жырдың ұясы бар қазақтың Есенбай ақыны да мынау ғапыл-дүниеден озған. Бірер жылдың бедері… Жаныңыз жәннатта болғай, жайсаң аға!
Өлең сүйер еліңіз бар да Сіздің де есіміңіз өшпейді.
Тағы бір елең еткізер дерекке зер салыңызшы. Бұған дейін мән бермегенім рас. Қаламгерлер Тобық пен Есенбай бір топырақта туып-өсіпті. Ақтөбе облысының Байғанин ауданында.
Миымда Мағауин сөзі жаңғырады:
– Жоқ, ол ұмытылмайды!
Жанат ЕЛШІБЕК,
халықаралық «Алаш»
сыйлығының лауреаты.
Ақпарат көзі: http://egemen.kz/?p=23078

загогулина

Нәзік бұлттармен сырласу

            Нәзік бұлттар.... Бұл Тобық ағаның туған ауылының аспанында үнемі қалқып тұратын бұлттарға қойған есімі емес пе? Шынында да ауыл аспанында тұрған осынау шүйке-шүйке бұлттарға қарасам, жерлес жазушы Тобық ағамыз есіме түседі. Есіме түседі де, иә «Нәзік бұлттар» деген осылар екен ғой деп ойлаймын. Жыл сайын он бесінші қазан күні мектеп оқушыларын ертіп, ауыл маңындағы бейітке барамыз. Өйткені онда Жарқамыс ауылынан шыққан көрнекті жазушы Тобық Жармағамбетов жерленген. «Ақындар ауылда туып, Алматыда өмірден өтеді», - деп айтылған әңгімені жиі еститінмін. Бірақ Тобық аға өзінің жерінде - Жарқамыс ауылында мәңгі ұйқы құшағында жатыр. Әр жыл сайын қазан айында осы бейіт басына келіп, Тобық ағаға арналған естеліктер мен өлеңдер оқып, қабіріне гүл шоқтарын қойып, дұға оқып, құран бағыштап қайтамыз. Сондай бір тағзым ете барған кезімде, төбемізден қарап шүйкеленіп тұрған бұлттарды көрдім. Көрдім де шынында бұл ағаның нәзік бұлттары шығар деп ойладым. Осы сәтте есіме ақын Ертай ағамыздың:
..... Ақтөбенің бұлттары болып алаң,
Деп сұрайды: «Қайда сол Тобық аға?»
.... Тобық ағам әрине Жарқамыста,
Жарқамыстың бұлттары толық аман.
«Көк аспанға жүрсек те қонып тегі,
Несібеміз жердегі толық,» - деді.
Есіміміз біздердің «Нәзік бұлттар»,
Есім берген ағамыз – Тобық, - деді, - деп келетін өлең шумақтары есіме түсті. Шынында да Тобық аға мынау бұлттарға «нәзік бұлттар» деп қалай тауып қойған. Нәзік десе нәзік екен. Сол күні мен нәзік  бұлттарға ұзақ қарадым. Қарадым да оларға көңілдегі назым мен сырымды ақтардым.
Нәзік бұлттар! Сендер Жарқамыс аспанында осылай тұрасыңдар және тұра бересіңдер. Себебі сендерге Тобық аға еншілеп ат берген. Сендер секілді есімі бар бұлттар тек біздің ауылда ғана бар. Сендер көк аспаннан күнде осылай қарап тұрасыңдар. Өйткені сендердің мекендерің аспан ғана. Олай болса, сендер көк аспаннан Тобық ағаның мәңгілік мекені болған мынау қабірді көріп тұрсыңдар ма? Қараңдаршы, күмбез қылып салынған мынау қабірдің сыртқы кірпіштері күнге күйіп, құс саңғырығы басқан, шеттері үгітілген. Ал қабірдің ішкі жағы жазушы аға осыдан қырық жыл бұрын өмірден өткен кезде құрметпен, қимастықпен қойылған гүл шоқтарының шіріндіге айналған қалдықтары мен борасыннан жиналған топыраққа тола бастаған. Жазушының құрметіне арнап қабір сыртындағы Қазақстан жазушылар одағының қойған ескерткіш белгісі, құлпытасты күн жеп, жазулары өше  бастаған. Қабір сыртын қоршаған шарбақ та ескіріп, тозған. Жыл сайын осы жерге келіп, қабірдің айналасына шашылған мал сүйектері мен тезектерді, жел ұшырып әкелген қоқыстарды тазалап кетіп тұрамыз.
Күн жеген құлпытасты жуып, сүртіп кетеміз. Кетіп бара жатып: «біздің қолымыздан келгені осы ғана, риза болып жатқайсыз», - деп келер жылға дейін қоштасып кетеміз. Келер жыл демекші, келер жыл Тобық аға тірі болғанда 80 жасқа толады екен. Мүмкін бұл жерге сол 80 жылдың құрметіне арнап жаңару жұмыстары жүргізілер. Келер жылдың күз айы көңіл көкжиегіне шуақ ұялатар деп үміттенеміз. Нәзік бұлттар! Сендер де сол сәтті көрерсіңдер. Көрерсіңдер де, қуанарсыңдар.
Нәзік бұлттар! Шіркін, нар тұлғалы Тобық аға жатқан жер ұялмай келіп тағзым жасайтын орынға айналса. Бейіттің сырты жаңарып,  қабіріне жан тебірентерлік әсерлі сөздер жазылған ескерткіш тақтасы қойылса. Ескерткіш тақтасы тұрған жерге қабір басына құран бағыштап, дұға оқитын орын жасалып, айналасына адамдар отыратын орындықтар қойылса. Сонда жазушы қабіріне тағзым ете келген жандар, күрсініп емес, сүйсініп кетер еді-ау.Нәзік бұлттар! Сонымен қоса ауылдағы саябақ жанында ақындар аллеясы бой көтерсе, көше ортасына ауылдан шыққан ақын-жазушылардың, атақты адамдардың суреттері мен өлеңдері, өмір деректері  жазылған тақталар ілінсе. Сол тақтаның ішінен Тобық аға «нәзік бұлттарына» күлімсірей қарап тұрса...
Нәзік бұлттар! Бұл менің сендерге айтқан сырларым мен назым ғой. Осылай нәзік бұлттармен сырласып отырған сәтте, қауым үстін үлкен көлеңке басты. Күн көлеңкелеген көкке қарасам, әлгі шөкім-шөкім бұлттар тұтас болып бірігіп кеткен секілді. Мүмкін олар да мен айтқан сырларды естіп, жабырқап қалған болар деп ойладым.
... Мүмкін менің сырымды естіген бұлттар секілді бұл жайтқа   жабырқайтын жандар да табылып қалар. Сендерге шертілген сыр – орындалған арманға айналар. Лайым, солай болғай да. Адамдардың жүрегі мен ниеті нәзік бұлттар сияқты аппақ және нәзік  болса ғой, әттең! Рухымыз жоғалып, рухани жан дүниеміз тоналмаса екен. Топырағы толғатса тек талант пен дарынды ғана дүниеге әкелетін осынау Жем өресі неге тағы да  дарынды, талантты перзенттерді толғатпай жатыр?  Бәлкім, ұлылықты ұлықтай алмай жүрген жоқпыз ба екен?!


Самал ЖИЕНБАЕВА,

Жарқамыс орта мектебінің тарих пәні мұғалімі.

Ақпарат көзі: baq.kz/kk/regional_media/post/35428


загогулина


Тобық

«Ақтөбе»-85
Жазушы Тобық Жармағамбетовтың туғанына 75 жыл
Биыл 85 жасқа толып жатқан «Ақтөбе» газетіне «Коммунизм жолы» атанған кешегі күндері жолшыбай ат шалдырғандар да, тапжылмай таза қызмет еткендер де аз емес еді. Көп жүріп, аз тер төккендер де; аз жүріп, көп шаруаның басын қайырғандар да болғаны және даусыз. Тіпті қазір тізім бойынша түгендемесең, сол жұрағаттың баршасын бірден тап басып айта салу да қиын. Ал газеттің кешегі көне көздері де, бүгінгі жас буыны да бұл ұжымның бір мүшесі болған бір есімді жаңылмай айтады. Ол — жазушы Тобық Жармағамбетов.
1994 жылы өзі жоқ болса да, өзгеше мәнерлі прозалық шығармалары ортамызда қалған жазушы Тобық Жармағамбетовтың 60 жылдық тойы облысымыздың көлемінде кең аталып өтті. Туындылары тағы да бір сөз болды, естеліктер айтылды. Кейін сол тойда айтылған тілектердің бір белгісіндей болып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Байғанин ауданындағы №2 Қарауылкелді орта мектебіне жазушы Тобық Жармағамбетовтың есімі берілді.
Сол жылы жазылған естеліктердің бірі былай өрбіп еді:
«…Бәрі де күні кешегідей көрінеді әлі. «Жазушы Тобық Жармағамбетов университет бітіріп келіп, Жарқамыс орта мектебінде әдебиеттен сабақ беріп жүр» деген Жем өзені бойынан шыққан шолақ хабар төменгі ауылдағы біздерге, Сағыз өзені бойындағыларға, жолшыбай өсіп, молайып жетуші еді. Бұрын тірі жазушы көрмеген біздей бозымдарға Тоқаң көктен түскендей елестеді. Соның алдында ғана «Жұлдыз» журналынан «Екі жүрек» атты әңгімесін қолдан-қолға тигізбей оқығанбыз. Біздің ауылдар сықылды қала тіршілігінен түйе мойыны тәрізді созылып алыс біткен «азиялық» деп айтуға жарарлық жырақ жатқан өлкеде туып, содан жазушы болып шығу, иә, сөзі тасқа басылуы ғажайыптың ғажайыбы сықылданатын. Біз шіркіндер о тұста «ақын-жазушы» дегендердің аяғы жер басып жүреді деп ойламайтынбыз. Ал университет дегеннің үйі, әрине, жерден жоғарырақ, кем дегенде, басы ақ бұлттардың арасында тұратын, ал Мұхтар Әуезовтер бір құдірет күшпен сол үйден маңғаз басып, баппен шығып, бұлттардың арасынан жерге түсетіндей сезінетінбіз. Енді сол Әуезовтен оқып келген Тобық Жармағамбетов біздің көз шарамызға сыймастай, сыйған күнде де аудан үшін айтып сөз жетпес бақ-бақыт екеніне бізде еш күмән болған емес. Тіпті, «Жарқамыс орта мектебінде он жыл бойы оқып, қайтып оралып, сол мектепте мұғалімдік жасап, әдебиет үйірмесін ашып, сол үйірмеде Өтежан Нұрғалиевтер жүр» дегенді естіген сайын біздің Қарауылкелді орта мектебі қасқа болып, көп нәрседен құр қалғандай, азайып жүруші едім.
…Сол Тобық Өтежан Нұрғалиевқа, Есенбай Дүйсенбаевқа, Қажығали Мұқанбетқалиевқа да аға болды. Біздер Тоқаңа ұқсап университет бітіріп, Тоқаңа ұқсап ақын-жазушы болу мүмкін екендігіне байқай келе көзіміз жетті. Ал осы аз үлгі ме?
…Тобық Жармағамбетов — қазақ ұлтының кешегісі ғана емес, ертеңімен де қол ұстасып бірге кететін тұлға.»
Қазір арамызда жоқ белгілі қазақ ақыны, Тоқаңмен дәм-тұздас болған Сәбит Баймолдин сол 1994 жылы осылай қалам тербеген екен.
Ал жазушы Тобық  алпыс пен елу дегеніңіз не, қырық жасқа да жетпей, 39 жасқа толар шағында өмірден өтіп еді.
Қазіргідей кім көрінген естелік шығарып, кім көрінген өлең құрайтын мына заманнан әлдеқайда естілеу, тасқа басылған сөздің қадірі басқаша бағаланатын шақта, қысқа ғана 39 жас ғұмырында, Ақтөбеде жүріп, Алматыдағы, ең болмаса, есігінен сығалауға екінің бірінің батылы жетпейтін «Жазушы» баспасынан үш кітап шығарған Тобық жазушы туралы қазақтың белгілі қаламгерлерінің бірі Мағзом Сүндетов былай деп еске алғаны бар-ды:
«…Ол әдебиетке өзінің бөлек үнімен, нақышты суретімен, әр қилы сыры мол мінез жасау шеберлігімен, балаңдық, тәжірибесіздік, жастық дегенді сезбей, бірден дарын иесілігін танытып, кемелденіп, сонау алпысыншы жылдардың басында келді. «Екі жүрек» әңгімесі «Жұлдыз» журналында жарияланып, көпшілікті елеңдетіп үлгермей, «Отамалы» әңгімесі таңдандырып, тамсандырып жатты. Соның алдында ғана «Жол басы» атты жинақ шығып, Тобық маған телефон соғып қуанышын білдірген еді. «Мақа, осы үркердей топ мықты суреткер болады» деді; мен баспагер ретінде рахмет айтып, тағы да бір жас дарындардың ең таңдаулы әңгімелерін қосып топтама дайындамақ екенімізді, соған «Отамалыны» ұсынбақтығымды аңдаттым», — дей келе ол одан кейінгі жайдың әңгімесін былай жалғайды:  «…Талқылау қызу өтті. Тобық Жармағамбетов, Дулат Исабеков, Мұхтар Мағауин, Ерғали Ахметов, Қарауылбек Қазиев, тағы басқалардың әңгімелері жақсы бағаланды. Әсіресе, ауызға көп алынған Тобық болды…»
Университет бітірген шақта жазушылығы көзге ұрып тұрған Тобық Алматыда қала алмады. Қызыл дипломымен бір кезде өзі оқыған мектепке оралды. Соғыс жылдарына тап болған балалық, әкеден күдер үздірген қара қағаз, қаршадайынан мойнына мінген ауыртпалық оның қыр соңынан қалған жоқ. Өз қолы өз аузына жеткен осы шақта, ол енді өзінен кейінгі үш қарындасы мен науқас анасының қамы үшін Жарқамысқа қайта оралып, күйбең тірлікке қайта кірісті. Бұл шешімнің әдебиеттің дәмін білетін жұртшылыққа қалай әсер еткенін жоғарыда келтірілген Сәбит Баймолдинның естелігінен анық аңғаруға болады.
Тоқаңның қарындасы Әсем апай кейін ағасының архивін ақтарып отырып, Тоқаңның өз қолымен жазған мына өлеңін тауып алыпты. Өлең Тоқаң университет бітіретін 1957 жылы 28 наурызда жазылған екен.
Жарқамыс деген бір жер бар,
Жанынан аққан күміс Жем!
Сол жерде мен асыр сап,
Сол Жемнен мен су ішкем.
Албырт жел күй ойнақтап,
Арқамнан қаққан сол жерде.
Қырда өскен қызыл қызғалдақ
Ырғала басқан сол жерде.
Баурайы балған бал құрақ,
Ибалы қыздай иілген.
Ғашық боп бұлты балбырап,
Көз тігіп көктен күйінген.
Бұлағы сыңғыр жұмбақтап,
Сыбырлап бір наз шертетін.
Көк бұлты қалқып сыр сақтап,
Көңілді жүйрік ертетін.
Ғашық боп көктем күн сүйген,
Балауса құрақ бас иген,
Аруана нардай Жем иген —
Жарқамыс деген бір жер бар!
Осы өлеңнің астына жазушы «Повесть жазу ойда» деген ескертпе де жазыпты. Расында да сол повесть жазылды, және бір емес, бірнеше повесть, көптеген әңгімелер жазылды. Себебі Тобық Жармағамбетовтың бірін-бірі жанашырлықпен жетелеп отырған шығармаларында өзі туып-өскен ауылдың адамдары мен таныс тағдырлар сезімтал білгірлікпен, ерекше махаббатпен баяндалатыны жиі әңгімеленеді.
Айталық, «Қара жаңбыр» повесін жазушы соғыс кезіндегі өз отбасының тірлігі арқылы айшықтап шыққан. Бала Нияз — Тобықтың өз прототипі, Мырзаш — әкесі Мырзағұл, Нұрбике — анасы Нұрбибі, Ағлағыл кемпір — әжесі Ағлақ, ал Әдемі, Сұлушаш, Тілекгүл — соңынан ерген үш қарындасы.
Осы повесть жайында жетпісінші жылдары сол кездегі жас қаламгер, қазіргі белгілі жазушы Мәди Айымбетов былай деп жазғаны бар:
«…Соғыстың ызғарынан көңілдері жүдеген, бірақ жақсы үмітпен тіршіліктің отын маздатып жүрген адамдардың тұрмысы, қам-харекеті, шалғайдағы ауылдың тұтастай бір өмірі — «Қара жаңбыр» повесінің тақырыбы. Бұл тақырып бір қарағанда бұрын көп жазылып жүрген, жаңалық табу қиын сияқты көрінуі де мүмкін. Рас, сол кездегі өмір шындығын жазушы басқаша өзгерте алмайды. Бірақ, өзгерте алмаушылық — қайталау емес. «Қара жаңбырда», біздіңше, бұрын таптаурын болған жайларды қайталау жоқ. Повестегі орталық кейіпкерлер — кәрі кемпір Ағлағыл мен оның бауырына басқан немересі Нияз деген кішкене бала уақыт фонына жазылған жанды образдар. Кәрі ана өмірдің ащы-тұщысын көп татқан екі ғасырдың куәгері. Ол көп жасаған емендей сіңірлі, терең тамырлы…»
Жазушының «Майлыаяқ» хикаясын алайық. Бұл да нақты дерекке құрылған шығарма екен. Жазушының қарындасы Әсем: «Адамнан зият, аса сезімтал Майлыаяқ деген итіміз болды», — деп еске алады. Жарқамыс ауылының тіршілігі қожайынына сүйкімді осы күшік-иттің көзімен берілетін туынды кісілік мейірім мен пенделік қатыгездікті таразыға тартып берген тумысы бөлек дүние. Аш күшіктің, аңғал тіршілік иесінің қожайынынан айырылғаннан соңғы көрген күні мен ақтық демін алар сәттегі жан бұлқынысы сезімтал көңілді астан-кестен етеді.
Жазушының ауылында бірге өсіп-өнгендер оның көптеген шығармаларынан өздеріне етене жақын кейіпкерлерді, таныс табиғаттың суреттерін айқын аңғарып отырады екен.
Таланты осылайша бұлықсып тұрған жазушы Жарқамыста біржола қалып қойған да жоқ. Әуелі Байғанин аудандық «Жаңа өмір» газеті, одан соң жаңадан ашылған облыстық телевизия студиясы, облыстық «Коммунизм жолы» газеті, облыстық мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы тәрізді баспалдақтарды аттады.
Жазушының қызметтегі баспалдақтары тәрізді тума талантының жапырақтары да аса бір сәнділікпен жайқала бастап еді. Сол тұста қазақ жұрты маңдайына басқан жалғыз көркем әдебиет баспасы — «Жазушыдан» 1966 жылы «Нәзік бұлттар», 1968 жылы «Екі жүрек», 1970 жылы «Сентябрь түні» деген атаулармен повесть, әңгімелер кітаптары бұрқырап шыға бастады. Тоқаңның алғашқы туындыларынан бастап қолынан өткізген жазушы Мағзом Сүндетов куәлік еткендей, «Тобық Жармағамбетовтың шығармалары әдебиет сүйер қауымның, сыншылардың назарынан бірде-бір сыртқары, қағажу қалған емес. «Темірді қызу кезінде соқ»  дегендей, атым көптің аузына бір ілінді ғой деп ол асығып жазып, келеңсіз қылық танытпай, әр шығармасына үлкен жауапкершілікпен қараумен болды».
Бірақ, салтанаты келіскен сапар күрт үзілді. Жазушы Тобық Жармағамбетов 1973 жылы 1 қазанда қыршын жасында дүниеден өтті. Ол енді он бес күннен соң 39 жасқа толмақ еді…
Ал жазушының соңында қолжазбалары — екі повесі мен он үш әңгімесі қалды. 1977 жылы сол қолжазбаны «Жазушы» баспасы «Соңғы хат» деген атпен қалың оқырманға 50 мың дана таралыммен ұсынды. Кітап аннотациясы былай деді:
«Тобық Жармағамбетов оқушы қауымды өзіндік үнімен селт еткізіп, жұртшылықтың  мол ықылас-пейіліне ие болып келе жатқан жазушы еді. Оның жаңа басталып келе жатқан творчествосы әдебиетіміздің мөлдір бір бұлағындай сылдырлаған нәзік әуен танытқан. Аз өмірінің ішінде беріп үлгерген алғашқы кітаптары осының куәсі еді. Өкінішке орай оның арман-мақсаты биік творчестволық жолы ұзақ болмады. Нағыз гүлдеп келе жатқан шағында қыршын кетті. Алайда артында аз да болса асыл еңбектері қалды. Бұл жинаққа Тобықтың бұрын жарияланбаған бір топ повестері мен әңгімелері енді. Бұл шығармаларының негізгі тақырыбы — адамгершілік, достық, айнымас махаббат».
Бұдан кейін жазушының шығармаларын сол «Жазушы» баспасы 1984 жылы «Ақ жауын» деген атпен бір томдық етіп ұсынды. Ал 2002 жылы «Раритет» баспасы — бір кезде Тобықтың «Отамалы» әңгімесіне: «Кең әлем көпсінген, кең әлемге сыймаған жұдырықтай өмір, мұңға батып буланған көз жасы, қарс айырылған көңіл, түтеп, жарылып кетейін деп тұрған ашу, кек, ыза, арпалыс, адам рухының ұлы жеңісі — бір әңгіменің бойында қанша дәру», — деп баға берген зиялы сыншы Зейнолла Серікқалиев құрған баспа Тоқаңның шәкірті болған қазақтың қадірменді ақыны Есенбай Дүйсенбайұлының құрастыруымен жазушының «Отамалы» атты кітабын шығарып, «Кейіпкерлерінің имани тазалығы, ізгілік ойлары, аңызға айналған сыршылдығымен оқушыларымыздың талай ұрпағына қызмет етер Тобық Жармағамбетовтың бұл кітабы көп томдық «Қазақ прозасы қазынасынан» сериясына ел ықыласын аударар ырысты басылымдардың бірі болар деп ойлаймыз», — деген анықтамасын қоса жазды.
…Жазушының баспадан алғаш жарық көрген «Нәзік бұлттар» повесі расында да жүрек тербейтін нәзік лирикасымен сол тұстағы үлкенді-кішілі оқырманды дүр сілкінтіп еді. Мұқабасы көгілдір бояумен әрленген сол повесть қанша жыл өтсе де, көңілден кеткен емес. Жоғарыда айтылған шақта, жазушының алпыс жылдығы мерейленген тұста қағазға түскен өлеңімізді біз де «Нәзік бұлттар» деп атағанбыз. Бүгінгі сөзді сол өлеңмен қайырудың реті келіп тұр.
Бұлттар, бұлттар… көшеді, ағылады,
Ал мен ойға батамын мағыналы.
Ақтөбенің бұлттары, (білесіз бе?),
Жарқамыстың бұлттарын сағынады.
Ақтөбенің бұлттары болып алаң,
Деп сұрайды: «Қайда сол Тобық ағаң?»
…Тобық ағам, әрине, Жарқамыста,
Жарқамыстың бұлттары толық аман.
Келтірген жоқ әзірге кесел Адам —
Жарқамыстың бұлттары есен-аман.
Жарқамыстың бұлттары есен-аман,
Сыбдыр-сыбдыр сыр айтты кеше маған.
«Көк аспанға жүрсек те қонып тегі,
Несібеміз Жердегі толық,» — деді.
«Есіміміз біздердің — «Нәзік бұлттар»,
Есім берген ағамыз — Тобық,» — деді.
Нәзік бұлттар сонан соң… үндемеді,
Бәрімізге белгілі бұл дерегі.
Жарқамыстың бұлттары — Нәзік бұлттар,
Бұлар — барлық бұлттардың жүлдегері.
Кей күндері жүрсе де түртіп ызғар,
Біз тіріміз: ой — биік, тұрқымыз — нар.
…Тобық аға, Сіз, бірақ бақыттысыз,
Жарқамыста меншікті бұлтыңыз бар.
Қимас күндер шегінді, қалды алыста,
Тылсым әлем толып тұр таңданысқа.
…Тобық аға, Сіз, бірақ бақыттысыз,
Нәзік бұлттар өте көп Жарқамыста.
Ертай АШЫҚБАЕВ.
Ақпарат көзі: http://www.aktobegazeti.kz/?p=3816

загогулина

«Оны жазушы еткен — адамға деген сүйіспеншілік еді»

Тобық Жармағамбетовтің жары — Сәпия апаймен сұхбат:
— Көзі тірісінде Тобық ағамыздың төрт кітабы шықты. Одан кейін 1977 және 1984 жылдары жарық көрген кітаптарын баспаға сіз алып барғаныңызды білеміз. Ал сізді бұл іске бастаған кім? Жазушының іздеушісі, жоқтаушысы болған жандар кімдер — соны білгіміз келеді?
— Расымды айтсам, маған Тобықтың кітаптарын әкел деген ұсыныс түскен емес. Тобық — шығармашылығына қатты көңіл бөлген адам. Күндіз-түні жазудың соңында болды. Ол қайтыс болғаннан кейін, үш баламен жесір қалу маған оңай соқпады. Есімнен танып қалдым десем де болады. Бірақ Тобықтың өз шығармалары жолында қатты ізденгенін, бас алмай еңбектенгенін қалай ұмытайын? Бәрі көз алдымда тұрғандықтан ба, сол ес жимаған қалпымда, ең алдымен Тобықтың қағаздарын қолға алыппын. Оның өзі ешқашан тастамайтын үлкен бір қара сөмкесі (іші толы — қағаз) болатын және үйдегі диванның астында да бума-бума қағаз жататын. Сол қағаздарды жинап алып, жарыққа шыққан-шықпаған, аяқталған-аяқталмаған дүниелерді сұрыптауға кірістім. Арасында хаттар да бар. Әсіресе, қолжазбаларын машинкаға бастыру қиынға түсті. Өйткені оның жазуын түсінетін терушілер жоқтың қасы еді. Мұны Берқайыр Аманшинге жазған бір хатында өзі де айтады: «Мен де барлық повестерімді бітіріп, жіберіп отырмын. Кешігуімнің екі себебі болды: бірі — қалада қазақша басатын 4-5 машинистка ғана бар, солардың екеуі ғана дұрыс баса алады. Менің жазуым жаман болғасын, олар көпке дейін келісім бермеді. Диктовать етіп, әрі сұрап, бері сұрап, жартысын әрең басқыздым…». Осы хатта айтылған машинисткалардың бірі — облыстық «Коммунизм жолы» газетінде істеген Айман есімді апай еді. Сол кісіні тауып алып, «Тобық енді жоқ. Соңында қалған мұрасын жинап, реттеп қойсам деп едім. Соған көмектесіңіз» — дедім. Тобықтың қалай еңбектенгенін көрген жандардың бірі ғой, обалы не керек, апай өтінішімді жерге тастамай, бірден келісті. Біраз дүниесін машинкаға басып шықты. Басылған қағаздарды қайта оқып, қатесін қарап, күбірлеп жүремін де қоямын. Бұл жүрісіме түсінбей балалар аң-таң…
Сөйтіп, бәрін реттегеннен кейін, аяқталған шығармаларды төрт папка етіп жинақтадым. Бұларда бұрынғы кітаптарына енген туындылары да, газет-журналдарға шыққанмен, кітаптарға енбей қалғандары да, сондай-ақ, мүлде жарық көрмегендері де бар.
Осы папкалардың үшеуін алып, Алматыға, өзі үнемі хабарласып тұратын «Жазушы» баспасына жөнелдім. Мені бұл сапарға алып шыққан — тез арада осы дүниелерді кітап етіп шығара қояйын деген мақсат емес, баспаға тапсырылған қағаздар, қайткенде де, әркімнің қолында кетпей, шашылып қалмай, сақтаулы тұрады ғой деген сенім еді. Бірақ баспаға кіргенде, қатты қобалжыдым: ешкімді танымаймын ғой? Жан-жағыма қарап келе жатсам, бір есіктен «Есенбай Дүйсенбаев» деген жазу көрінді. Сондағы қуанғаным-ай! Есенбай да қағаздарды көріп, қуанып: «дұрыс істепсіз» — деп жатыр. «Бірақ баспа директорына кіріп, жолығып шығу керек» — деді. Директордың алдында түске дейін отырғаныммен, кіре алмадым да, Есенбайға қайтып келдім: «Не де болса, ағаңның қағаздарын өзіңе тапсырдым. Мен Ақтөбеге, балаларға қайтайын» — дедім. Әрі қарайғы жұмыстарды Есенбай өзі реттеген болса керек: сол папкалардың біріншісі — 1977 жылы «Соңғы хат» деген атпен, екіншісі 1984 жылы «Ақ жауын» деген атпен кітап болып шықты. Екеуі де, менің және балалардың атына алдын ала келісім-шарт жіберіліп, «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Ал үшінші папкадан хабар болмады. Кейінгі бір қиын кездерде одан күдер үзген де едік. Бірақ 2002 жылы оның да жоқ болып кетпей, «Отамалы» деген атпен кітап болып шыққанын көріп, қатты қуандық.
— «Раритет» баспасынан шыққан «Отамалы» ғой?
— Иә, сол. Бұл — Есенбайдың қолында қалған үшінші папка. Төртінші папка өзімде тұр. Тобықтың аяқтап кеткен дүниелерінің ешқайсысы да жоғалған жоқ. Ал жарық көрмеген бірен-саран әңгімелері (өзі «тағы бір қарауым керек» деп белгі соққан дүниелер бар), аяқтамаған шығармалары мен облыстық телевидениеде жүргенде жазған кинофильм сценарийлері де сақтаулы. Жоғалып кетпесін, шашылып қалмасын деп, оларды да жинақтап, тізімдеп, облыстық архивке өткізіп қойдым. Өзі сақтаған хаттары бар. Шыңғыс Айтматовқа жазған, бірақ жіберілмеген хатын өзі қайтыс болғаннан кейін, мыж-мыж күйінде тауып алдым. Оны да тастамай, әр әрпін «зерттеп», әр сөзіне қайта-қайта үңіліп отырып, көшіріп шықтым.
— Жаңа сіз айтқан Берқайыр Аманшинге жазған хаты ше?
— Ол кісіге жолданған хаттың бір беті машинкаға екі дана болып басылған болса керек, сол бет сақталып қалыпты.
— Хатта кешігуімнің екі себебі болды дейді ғой. Екінші себепті білуімізге бола ма?
— «Екінші себеп — биыл жаз аурудан шықпадым. Жақында жүрегім қатты қысылып, бір айдай жаттым» — деп жазыпты. Иә, Тобық көп ауырды. Көзі тірісінде төрт кітабы жарық көрді дедің ғой. Солардың бәрін бір жағы аурумен алысып жүріп жазды. Өзі аурушаң адам, күндіз жұмыста болады, ал түнімен отырып, шығармаларын жазатын. «Өзіңді күтсеңші» — деп кейде ренжіп те қоямын. Бірақ ондайды ұнатпайтын. Жазбаса тұра алмайтын. «Ананы жазсам, мынаны жазсам» — деп, тыным таппайтын. Жоспарлары да өте көп болды. Міне, мына қағазда «Жазушы» баспасының бас редакторы Есет Әукебаевпен келісімге отырыпты. «Роман жазып, тапсырамын» дейді, тапсыру мерзімі — 1973 жылдың қарашасы, ал романның аты «Жалын мен оттан жаралған» деп көрсетілген. Ондағы ойы — Ақтөбедегі ферроқорытпа зауытының тарихы, жұмысшылары туралы жазу. Зауыттың алғашқы директоры Сорокин деген адам екенін, оның «қазір Челябинскіде тұратынын анықтадым» деп қатты қуанып айтқаны есімде. Челябинскіге тез барып келуім керек деп жоспарлады. Бірақ дерт меңдеп, екінші жағынан, қаржы мәселесі қинап, бара алмады. Айта кетейін, Тобық нақты оқиғаларды, нақты адамдарды жазғанды қалайтын.
— Тобық ағаның шығармалары, хаттары ғана емес, ол кісіге қатысты бүкіл қағазды жинап қойған секілдісіз?
— Бұл дүниеде әркімге әртүрлі байлық, әртүрлі бақыт бұйырады. Маған бұйырған байлық — осы қағаздар. Тобықтан қалған әр қағаз — мен үшін қымбат қазына.
— Қандай қасиетін ол кісінің ең басты қасиеті ретінде атар едіңіз?
— Ол адам атаулыны қатты жақсы көрді, жолында кезіккен жандардың бәріне де үлкен қамқорлықпен қарады. Тобыққа қосылғанға дейін мен жетімдікті, жоқшылықты көп көрдім. Ал Тобыққа қосылғаннан кейін жоқшылық көрмедік дей алмаймын, бірақ теңдессіз жанашыр жан таптым. Онымен өткізген 13 жылым — менің осы өмірдегі жетімдік көрмеген жылдарым. Ол маған жар ғана емес, әке де, аға да болды. «Оқуың керек» — деген Тобықтың кеңесімен Мәскеуге барып оқуға түстім. Мен алыс Мәскеуге кеткенде, үйдің, балалардың бейнетін өз мойнына алып қалды. Балаларын шексіз еркелетті. Саяны мойнынан түсірмейтін.
Ол адамдарды алаламайтын, бөліп-жармайтын. Өмірде жаман адам болады деп мүлде ойламайтын да секілді еді. Кейде көшеде келе жатып, бір кісімен сәлемдесіп, тіпті шүйіркелесіп тұрып алады. Соңынан: «Бұл кім?» — деп сұрасаң, білмеймін дейді. «Білмейтін адаммен сонша уақыт әңгімелесіп тұра ма екен?» — деп таңғаласың, кейде ренжіп те аласың. Сондайда бар айтатыны: «Адам бетіңе қарағаннан кейін, сәлемдеспей кетсең, көңілі қалмай ма?» — еді. Сол тұста Ақтөбеде базарда қайыр-садақа сұрап жүретін бір кемпір болды. Ұлты — қазақ. Қазақ арасында ондайлар жоқ кез ғой. Бір күні жұмыстан келсем, сол адам біздің үйде Тобықпен бірге шай ішіп отыр. Шошып кеттім. Кейін: «Мұның не?» — десем, «Ол да адам ғой, бір мезгіл оның да тағдырын, хал-жайын сұрауымыз керек» — деді…
Сол бейтаныс жандармен арадағы әңгімелерді кейін ол шығармаларында пайдаланған да болар деп ойлаймын. Бәлкім, оны жазушы еткен де — адамдарға деген ерекше сүйіспеншілігі болар?
— Қазақ қаламгерлері арасында Тобық ағаның айрықша тілеулес адамдары кімдер еді?
— Тобық Мағзұм Сүндетовті, Зейнолла Серікқалиевті ерекше жақсы көрді, солармен хат алысып тұратын. Тахауи Ахтановпен де хабарласып тұрды. Мұхтар Құрманәлинмен жақсы араласты.
— Жазушы Тобық Жармағамбетовтің мұрасы қаншалықты насихатталып жүр? Осы жағына көңіліңіз тола ма? 
— Әдебиет сыншыларынан ол туралы бұрын Зейнолла Серікқалиев айтқан болатын. Ал жақында «Ақтөбе», «Қазақ әдебиеті» газеттеріне шыққан Айгүл Кемелбаевның «Отамалы» эссесін оқып, қатты толқыдым. «Тобық­тың заманы енді туды. 39 жаста өмірден озған жазу­шыға ықылас соңғы 40 жылда бәсең тартқан­дай болды. Бірақ өлі арыстаннан тірі тышқанды артық санау пиғылы әдебиетке өлсе жүрмейді» — деген жолдарды оқығанда, көзіме жас келді.
Рас, жалпақ жұртқа жарияланбағанмен, Тобықтың шығармашылығы бойынша кандидаттық диссертация, диплом жұмыстарын жазған жастар баршылық. Архивтегі дүниелерді көру үшін менен рұқсат сұрап жатады. Гүлмира есімді баланың Түркістан жағынан келгені есімде. Кейіннен сол Гүлмираның Есенбай Дүйсенбаевтың қатысуымен «Шалқар» радиосынан Тобық туралы жақсы хабар берілді. «Ақтөбе» газеті де әрдайым Тобықтың іздеушісі болумен келеді. Менің ешкімге өкпем жоқ. Тобықтың шығармаларын қалың оқырман іздесе, оқыса, ең бастысы — сол…
 Әңгімелескен Индира ӨТЕМІС.
Ақпарат көзі: http://www.aktobegazeti.kz/?p=26323

загогулина

Отамалы

Эссе
 1.  Сыбағалы баға
Әдебиетке Ілияс, Сәкен, Бейімбетпен қатар келіп, 1937 жылдың жалмауыз аранынан аман қалса да, зауалынан екі мәрте сотталып, азап лагері мен соғыста айып батальонында болған; қазақтың эпикалық жыр дәстүрін берік жалғаған Шәкір Әбеновтің хадистік қос әңгімесінде жазушылық өнердің киесі туралы шындық ой айтылады. «Сыбағалы бағасын біреу бере жатар», — дейді ақын. Автор атаулы елену, оқылу, әдеби кеңістікке милықтамай, ұшқан құстай қалықтай  өтуге мүдделі. Әдебиеттегі атақ-даңқ — оның жазба мұрасының жоғалмауы үшін қажет алғы шарт. Шың басына жорғалап жылан да шығады деген тәмсіл жалған. Жылан стихиясы бөлек.
«Тілегім де болмас еді басқа онша, Тек бір адам мені шындап жоқтаса…» — деп келер ұрпаққа арзу айтты жұмбақ аралдай ашылуын күтіп жатқан ерек ақын Жұмекен Нәжімеденов.
Біз жайлы не айтар екен кейінгілер,
Әлде бір зерттер ме екен зейінділер,
Табылған құм астынан құмырадай?
 Есенқұл Жақыпбек. Қас жақсысын бақиға қиса да, ажалмен қоса жазуын жоғалтпау ірі халықтардың еншісіне көбірек тиеді.
Өмірден өткен жазушылар үшін риясыз іздеуші болуы өшкені жанған шырақ, басқа қайта қонған бақпен тең. Егер ол мықты талант болса, қайдан шықпасын,  іздеушісін құдай құлай береді. Сондықтан сөзі құмға сіңген судай құру нағыз жазушыларға қауіп төндірмейді.
Әлем әдебиетінде өлгеннен соң аты көп уақыт ұмытылып, кезеңі келгенде қайта ашылған, со замат асыл қазынадай жарқырап, суреткерлігімен баураған небір классик жазушылар бар. Герман Мелвилл, Амброз Бирс, Эдгар Аллан По, Говард Филиппс Лавкрафт есімдері қайта табылған асыл мұраны еншілейді. Бұлар неге біраз мерзім ұмытылды? — деген сауал туындайды. Өйткені шынайы көркем әдебиетті сүйетіндер қашанда азшылық, жалпақ жұрттың суреткерлікті айқын бағалауға талғам-өресі жетпейді. Былайғы сандалма ел жезді алтын санап адасады, ортаңқол жазушылардың қарадүрсін желдірме дүниелерін місе тұтып жүре беруге бар. Белинский жар салмағанда, Гогольды дер кезінде мешел орыс қоғамы тани алған жоқ. Көркем сын құдіреті, Құлагерді жазбай білген Күреңбайдай қас асылды, ерді кебенек ішінен бұлжытпай таниды.
Француздың ұлы ақыны Шарль Бодлер ана тіліне аударып, есімі шарықтап Европаға жеткен соң туған елі Америкада Эдгар Поның жұлдызы жанды. Екінші қайтара ашылу жаңа контекстте оқылумен тең. Зейін күшейеді. Сөйтіп, расымен ұмыт қалудың құпиясы қоса ашылады, үстірт сын дер шағында шалағайлықпен дұрыс ұқпайды екен. Енді жазушының бағы аспандап өсе береді.
Қазақ әдебиетінде сондай мәуелі бақ Тобық Жармағамбетовке (1934-1974) бек лайық. Тобықтың заманы енді туды. 39 жаста өмірден озған жазушыға ықылас соңғы 40 жылда бәсең тартқандай болды. Бірақ өлі арыстаннан тірі тышқанды артық санау пиғылы әдебиетке өлсе жүрмейді. Ол туралы Зейнолла Серікқалиев сияқты мықты сыншылар кезінде айтты. Сағат Әшімбаев: «Біздің әдебиетімізде елеусіз-ескерусіз жатқан, ләм-мим сөз болмаған роман, повесть, әңгіме, поэма, өлеңдер қаншама?! Күні кеше арамыздан кеткен талантты жазушылар Ақан Нұрманов пен Тобық Жармағамбетовтың қалдырған мұнтаздай таза мұрасы туралы жазылған көлемді, көрнекті мақаланы кім оқыды екен?», — деп жазды. («Әдебиет мүддесіне адалдық» атты мақаласынан).

2.      Метафоралық проза
Абай «Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды, (Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,). Дем алысы — үскірік, аяз бен қар» деп кейіптеп, кәрі құда, беймаза шалға теңейтін жыл мезгілі — қыс. Тобық Жармағамбетов ежелгі халық қиялы эпикалық құлашпен қисындап, жаратылыс нышанын кісі бейнелі етіп, метафоралық тілмен жұмбақтай кескіндеген табиғи құбылысты нысан етіп дәл таңдады. «Отамалының»  кереметі, жыл мезгілінің құбылмалы кезеңін, табиғат тосын құбылған, қыс пен көктем таласқан алмағайып мезетті тұлғаландыра, нандыра суреттеуінде. Жыл он екі айда тайғақ кешу, бесқонақсыз болмайды. Жазушы қар аралас жаңбыр, көктемнің басқы салқын ауа райының ең жайсыз жаламыр мезгілін образ арқылы суреттеуі — космогониялық портрет, оның прозалық теңдесі жоқ көркем үлгісі.
Тобықтың «Отамалы» атты әңгімесінде адамзат аңсай беретін мейірім кені жатыр. Қазақ халқының рухани болмысын еректеп тұратын жан иесіне мейірбандық, рақым, жанашырлық, биік адамшылық гуманизм — поэтикалық-мифтік әңгіменің алтын өзегі. Ақ өлеңдей әр сөйлемі көркем, екшеп алуға татиды. Әуелгі кілтті сөз — мұз бен аңыз. Тобық Жармағамбетов дүниені құрсаған мұзды жібітер мейірімді жырлады. Оның сүйікті қаһарманы құбыжық дәу емес,  кебенекті ер. «Ертеде қазақ даласын борандар мен аңызақтар, жұт пен қасқырлар, сосын… аздаған қазақтар жайлайтын. Әр төбенің баурайында тілін жалаңдатып, жұт жортатын». Отамалы — қойшы. Жазушы жалшының қара мұрт Жапан байдың үйіне келген сәтін бейнелегенде шық бермес Шығайбай еске түседі. Тобық аға әңгіме тініне фольклорлық негізді дәл енгізгені ғажап. Ол ноғайлы жырауларының тұяғы, психологиялық параллель арқылы жер-көкті орап суреттейді: «Намаздыгерде Отамалы етігін жамайды, байеке намазын оқиды, қарға ұясына кіреді». Отамалы өзін мен демей, үшінші жақтан атап «Отамалы» деп жас балаша сөйлеуі тектік нышан, әңгіменің аңыз жанрында екенін экспрессивтік күшейте түседі. Кішкене кезінде бір қызым екіншісінен ойыншығын тартып алғанда, бұл менікі демей, «Макандыкы!» дейтін нығыздап, «Балкендікі», мына менікі дегені. Д.Ф.Купердің прозасында ақ нәсілділер қызылтерілі атаған үндістер өздерін үшінші жақтан сөйлейтін. Бұл мінез әуелі балаға тән, сосын жабайы түз адамына лайық аборигендік таза сананы айғақтайды. «Еділден аққан сызашық, Біз көргенде тебінгіге жетер-жетпес су еді», — деп Шалгез жырау жырлаған бұрынғы есте жоқ ескі мифтік уақытты еске салады.
Бай есімі Жапан аталуы, жапан дала, жазы, айдала дегенді білдіреді. Сәкен Жүнісовтың «Жапандағы жалғыз үй» атты романының атауы  қазақ кешкен патриархалдық тұрмысының моделі. Қойшы атсыз болуы мифтік деталь. Соңында ала төбеті бар. Шұбат ішкен түйелі Жапан бай жалшысына мінер бір ат тауып берері даусыз. Ол адам тәрізді берілген иен дала, елсіз кеңістік. «Темірқазық, Жетіқарақшылар көріне бастаған. Олар бір жанып, бір сөніп, селк-селк етті», «Ай, Жетіқарақшының теңселуін-ай!». Жазушы әр детальды мұқият таңдайды. Жеті қат көктегі жұлдыздар жердегі өсімдіктей тоңып тұрғаны Отамалының басына үйірілер, өлімге итерер дүлей зұлматты астарлайды. «Өмірден бар көргені осы ошақ, иттері, байдың үйі. Бірақ ол кең даланың етене баласы еді», «..жер танығыш еді».
«Жұлдыздарға да қиын-ау, жап-жалаңаш, — деп ойлады Отамалы бір мезет». Асан Қайғы, абыз толғау. Отамалы ауылдан ұзап кеткендегі төбелерді жазушы «қара жаулық жамылып» деп суреттейді. Трагедиялық таңбаны оқушы жүрегі сезе бастауы үшін. Отамалының құла түзде мың қоймен жалғыз өзі ығып, сұрапыл суыққа ұрынуын Тобық аға мифологиялық үлгіде берген. «…бір мыжырайған төбенің бауырынан ызғырық жел кенеттен қойлар мен Отамалыға тап берді».
Орыс халқының ірі этнограф-ғалымы А.Н.Афанасьев (1826-1871) «Поэтические воззрения славян на природу» атты құнды кітабында ежелгі еуразиялық тайпалардың мифологиялық дүниетанымын зерттеді. Көне қауым табиғат жаны бар, тірі деп түсінген. Бағзы пұтқа табынушылық табиғаттың мылқау күшіне бас иген, әр құбылысты қастер тұтып, жеке дара құдай деп таныған. Жер, су, от, жел, тегіс жанды, тұлғаланған, бәріне тәңірідей табынған. Дінге сенушілікке дейінгі адамзатқа тән тұңғыш риясыз көркем дін осы. Бұл расында халық тудырған символдық поэзия болатын.
«Көкек айында қар ұзақ жатпайды», жазушы жер жадын білетіні, алай-түлей стихия билеген кең даласын сүйетіні шүпілдеп тұнып тұр. Жан-жануар, тірі жәндікке мейір-шапағаты  адамға теңелген жазушы нағыз ізгілік иесі. Тобық Жармағамбетов қаламының құдіреті сол, жан-дүниесіндегі қазақы ұлы мейірімін боранда ыққан панасыз малға арнайды. Ол малдың үскірікке ұрынуын  трагедиялық биікке көтерген. Қой екеш қойды адамдай, жаңа туған қозысын нәрестедей көріп, аяп, үсік ұрған сайын жаны қалмай елжіреп, құсадан егілетін кім? Отамалы. Отамалыны тірілткен Тобық емес пе! Егіліп шер жұтқан Тобықтың өзі. «Қойлардың жалынышты маңырағаны ертіп келе жатыр оны», «Ызғырық желдің өтінде екеуі шоңқиып қала берді». Қойшы көкірегі зар жылайды. «Отамалы бүкіл денесімен селкілдеп, дірілдеп кетті. Ерні кемсең-кемсең етіп, түсі бұзылып қоя берді. Қойлардың жаппай қоздайтын уақыты жеткен екен ғой. Қазір дүниеге келген жас қозыларымен бірге қатып жатыр!». Бейнетқор, адал қойшы қара басын емес, қорғансыз, кенет долданған қу далада пана таппай қырылуға айналған қайран малды ойлап жаны түршігеді, сол үшін түңіле азап шегеді. Әзиз жаны кейіп, малды жайылымға зорлықпен жіберген ашкөз байды қарғайды.
Көкек айда көктеуге көмекке кеп,
Көптеу жауған жаңбырға ел өкпелеп,
Бетегеге көк қасқа қозы жайып,
Көпшілік боп көп төлге өбектеп ек,
Қажытса да жүгіріс қара сан ғып,
Мейірім көрсек мал-жанға жарасарлық,
Қуанамыз елжіреп:
Мекіреніп,
Шаранасын жаласа мама саулық.
Сонша үзілген, не деген өзек еді?!
…Мама саулық даусынан – маңыраудан:
«Құлдығым-ай!»  деген сөз естіледі.
Жұматай Жақыпбаев. «Көктеудегі көріністер», патетикалық баллада.
Ермек Тұрсыновтың көрерменді бастан-аяқ ширықтырып ұстап отыратын «Шал» атты фильміндегі қасқыр қамаған қойлардың лажсыз қозылай бастауы, шалдың мейірімі Тобық Жармағамбетовтың «Отамалысын» еске түсірді. Фильм идеясы Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» атты культтік повесінен алынуы стихиямен жападан-жалғыз алысқан тағдырды, «Адам жеңеді!» идеясын анықтайды.
«Алғашқы қозыны көргенде Отамалы өзін ұмытып кетті. Бишара саулық қозысының денесін жалағыштап жатыр екен. Бірақ оның да әлі жоқ. Отамалы қозыны көтеріп алды да, икемсіз қолдарымен шекпеніне енгізді». Қозы әлі тайған, жансызданған қойшы қолынан сусып түсіп, көбік қарға тұншығып өлді, терең қардан аршып, арашалай алмай қалды. Ол қой жаппай қозылай бастағанда сұмдық қатты қиналады. Отамалы, халық «бесқонақ» атайтын мезгіл көктемгі мал төлдейтін уақытқа дәл келеді. Мұндай зарды ешкімнің басына бермесін. Өлген мұз қозысын жалаған саулық. «Отамалының жүрегі қарс айрылды». Есі шыққан қойшы боран, жел, табиғат құбылысына айбат шегеді, Тәңіріге нала айтады. « — О тәңірі! Не істегенің? Не қылғаның? Көкек айы, сенің айдарың жұлынсын!» деген Отамалының күйініші көркем кейіптеу. Айнала жас өлім. Оның бешпентін шешіп, лақтыра салуы өлімге мойынсұнғаны. Басындағы тымағын жел ұшырды. Есі кетіп, етіксіз, шұлғауы шешіліп, тәні бір қар, бір мұз болып қайғылана асып барады.
 «Аспан іріп кеткен», «…құстар ұшуын, кесіртке жорғалауын, өзен ағуын қояды». Автордың шеберлігі қиямет қайымды еске түсіреді, тозақты бейнелеуде алдына жан салмайтын католик классик ақындар болатын.
Табиғат құбылуын суреттегенде жазушы «…су өгіздің ыңыранғанындай дыбыстарға толып кетеді», «Суық жел мыңдаған жыландарға айналып барады» деп мифологиялық қанық бояумен беруі құнарлы.
Дүкенбай Досжанның аптап құмда қой баққан, құлдан бетер қиналған  «Аборигені». Жұмабай Шаштайұлының «Қызыл қар» атты повесінде қой бағудың аласапыран қиыншылығы, қойшының бейнетқор тірлігі. Қазақ рухын қорғап, ұлт мұңын ашына жазған.
Қойшының, жан тәсілім етер сәті, ол отамалының таусылар тұсы, құдай айдап әкелгендей құлпытасқа тап келуі. Өлерінде ол өзінің ұшып келе жатқан қазаны мен ошағын көреді. Астындағы жанған отымен бірге. Отамалы аруаққа айналды. Дүниеғайып. Қыс жеңілді, жазғытұрым келді. Отамалы өтті. Ол Снегурочка сияқты жылылықтан еріп кетті. Мифтанушы Александр Николаевич Афанасьев ақындар, абыздар, балгерлер табиғаттың сан алуан құбылысын түсіндірушілер болып табылады деп таниды.
Жазушының мейір тұнған жүрегі аңызды былай аяқтайды: «Күн қайта шығып, қарларды әп-сәтте ертіп жіберген. Қойлар баурайда өскен қызғалдақтарға қозыларын жайып, кең даланың төсінде мәңгі бақи қалып қойыпты. Оларды қасқырдан ит қорғапты».
Қиялдың құсы егіліп,
Іштегі дертті айдасын.
Бернияз Күлеевтің «Жырла да зарла, көңілім» атты өлеңінен қос жол мынау танымдық аңыз әңгіменің түп сарынын ашуға септігі тиер.
Қазіргі қазақ санасында Тобық Жармағамбетов әңгімесінің алтын шуағындай төгілген шынайы мейірім азайып, сарқылып барады. Бабалар орнында бар оңалар десе, ізгілікке сенімі. Отан мейірден өседі. Түрікмен ақалтекесін қызғыштай қориды. Қазақ тілімен жылқыны сүйеміз дейді, бірақ кейбіреулер әсіре пайда қуып, бұл жануардың тұқымын мөлшерден артық сойып сатқыш қасапшыға айналды. Малды құдай адам несібесі үшін жаратты, сөйткенмен шектен тыс пышаққа қия беру обал. Мұның бәрі аураға, елдікке теріс әсер етері айдан анық. 
Әбубәкір Қайранның «Түйелер трагедиясы» атты ыза жыры бар. Малдың киесінен қоғамына бағынышты кейінгі мәңгүрт қазақтың қорықпайтын болғаны; өз көрін өзі қазған нақұрыстай, обырдай араны ашылған ет комбинатына  өткізу үшін  ауылдағы түйе жануарды обал жасап, техникамен соғып өлтіргені туралы.
Қамаудағы текті түлік, киелі,
Мойындарын көкке қарап иеді.
Құлап жатыр бірінен соң біреуі,
Елестетсем, ішім от боп күйеді!
…Бұғауланған түйелерді сонан соң,
Дырылдатып «ДТ»-менен сүйретті.
Бар еді ағам түйе баққан жасынан
 «Тоқтат, кәне, сұмдықты!», — деп сол ағам,
Мылтық атты директордың басынан.
Әбубәкір ақын өмір бойы түйе баққан әкесі қайтыс болған соң 3000 бас түйе түлігінің құрып кеткенімен өлеңін аяқтайды. Төрт түлік мал басы елде күрт азайып кеткені осы тектес кесірлік зардабы. Құнарлы шұбаттан  айрылу, ұлттық құндылықтарды ата түлік малмен қоса жоғалту.

3.      «Отамалы» ұғымы
Отамалы. Көктемнің бас кезіндегі ауа райының ең жайсыз мерзімі. «Біздің қазақ Айды да білмейді, жұлдызды да білмейді, жылды тоқсан болғанда: «Жер мұз» — дейді. Отамалы, сәуірде қой қоздайды. Қыс болып, суық болса, ақпан мен қаңтар дейді». (Мәшһүр Жүсіп, 4-том, 5-бет). И.В.Гетенің «Айнымас Эккарт» (1813) атты балладасы скандинав фольклорынан қарызға алынған сюжет. Эккарт эпос кейіпкері, адамдарға боран басталарын алдын ала ескертетін мейірбан шал. Ол «Борандағы жиһанкез жыры» атты ода (1771) жазған. Гетеде боранда қаза тапқан Леандр есімді ғашық жарға арнаған өлең бар, сүйгені Геро суға кетіп өледі.
«Совсем не вернется, скрылась, Быть может, в чужие края… Идите, овечки, идите, Томится душа моя». («Бақташының шағым жыры»).  
Орыс тіршілігінде отамалыға ұқсас ұғым – «Падера», ол құйындай соққан, қарлы, жаңбыр араласқан боран. «Падера – буря с вихрем, дождем, снегом». (Словарь областных и устаревших слов по А.П.Чапыгину).
Игорь Золотусский «Гоголь» атты мақаласында Николай Васильевич Гогольдың нағашы атасы Иван Матвеевич Косяровский туралы былай деп жазады: «Бірде бұрқасын боранда ол бір күн, бір түн иесіз ашық далада аязда қалып қояды. Оны тауып алғанда есін білмейді, ал көзінде мұз болады. Оның бір көзі, Мария Ивановна жазғанындай, «өлді»». Қызы әкесінің көзін суық сорып семді, соқыр қылды дегені ғой.  
Лев Николаевич Гумилев есте жоқ ескі заманғы ұлы даланы суреттейді. Бағзыда аң-құсы өріп жүрген кең далаға еріген мұздықтан өзендер сарқырай ақты, қазан шұңқырларда көлдер пайда болды, циклондар шығысқа лап қойды, жаңбыр мен қар төпеп тастаған соң жазықта ормандар өсіп шықты дейді. Демек, отамалы құбылысы ұлы даланың негізі жаратылысында болған ғой.
«Жылдың бас айы — отамалы болып саналған. Мерзімі жағынан қазіргі май айына сәйкес келеді. Бұл атаудың төркіні түркі тілдердің барлығында дерлік кездесетін «от», яғни шөп деген мағынаны білдіреді. Әдетте, отамалы айында көк қаулай шығып, әжептәуір көтеріліп қалады. Ай есебінің рет тәртібін саралайтын деректердің бірін Шоқан Уәлихановтан кездестіреміз: 1.Отамалы (март), 2. саратан (апрель), көкек (май)…».                        
Жер жұтуға тоймайды; От отынға тоймайды; Құлақ естуге тоймайды; Кісі ойға тоймайды; Бөрі қойға тоймайды.
«Сәуір санды қыс, отамалы ойылған қыс (отамал да сәуірде болады), үркерлі айдың бәрі қыс. Саратан-зауза сенен де қорқам» дейді екен бұрынғылар. Шалдар айтады екен, заузада, желіде байлаулы құлын қырылған, енесі ығып кеткен, шай қайнатым уақыт жаңбырлы, желді бұршақ қар жауып, күн ысытып осындай оқиға болған деп. Сол сәтте түс қайта күн қайта жылынып, өлген малдың терісін алуға үлгермей шіріп, иістеніп кеткен деп… зауза, саратан деген осы айда ұшатын кішілеу сары қоңыздың аты». (Үркімбай Қыдыралин, «Батыс Қазақстан қазақтарының әдет-ғұрып аймақтық ерекшеліктері»).
Сатирик-жазушы Табыл Құлияс: «Отамалы негізінен батыс өңірінде болады. Үш-төрт облысына тән құбылыс. Отамалы өтпей малшылар сақтығын жоғалтпайды. Бұл қыс пен көктемнің алмасу кезеңі».
Ота. Қырып-жою, жоқ қылу, құрту. Оталумен түбірі бір.
Отамалы туралы ғылыми болжам Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғайдың тілдік таным кітабында айқын берілген.  «Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясында халықтық этимологияға түсінік: «Жазға салымның ең жайсыз кезін әнеугүні әжесі «отамалы» деп атап еді.
— Осы «отамалы» немене? Не деген сөз өзі? – Абай соны сұрады. – Отамалы көкек айының он бірінде кіріп, он жетісінде шығады. Желсіз, борансыз өтпейді. Қыстың ең соңғы зәрі сонда. Отамалы деп атанғаны бір байдың Отамалы деген қойшысы болған екен. Сол бақыр күн қайырады екен-ау! Көкектің суығы басталған уақытта, әлгі, қойды жайылысқа шығарайық, боран болады. Қойдың қыстан титықтап шыққан кезі, малыңнан айрыласың десе, байы бір діні қатты кәпір екен. Сен тоғышарлық қылып алдап отырсың деп, Отамалыны сабап-сабап қойды жайылысқа шығартады. Сол күні, құдай көрсетпесін, бір қатты боран басталып, тақ үш күн, үш түн соғып, бар қой ығып кетіп қырылыпты да, қойдан қалмаймын деп, Отамалы бақыр да үсіп өліпті. Көкектің суығы — «отамалы» атанғаны содан дейді. Әжең бақыр соны біледі ғой, — Қарабас».    
Академик І.Кеңесбаев құрастырған сөздіктегі қосымшаларда белгілі ғалым Құлмат Өмірәлиев былай деп жазады: «Қазақша ай аттары Қазақстанның әр жерінде әртүрлі аталады. Егер Шоқан Уәлиханов жазып алған деректе Наурызым — февраль, Отамалы – март, Шаршатамыз — июль айы болып келсе, бір жерлерде (Қазақстанның шығысында, оңтүстігі мен батысында) айдың Қыркүйек аты аталмай, оның орнына Мизам (Мизан) ай аты (зодиак жұлдызы аты) айтылады. Хут (не Үт) айын Қазақстанда шығысында Бірдің айы, ал Хамал айын Көкек деп атайды».
Араб тіліндегі (Хұт) – Балық, ал «Хамал» – Тоқты зодиак шоқжұлдыздарының атаулары біздің ана тілімізде ақпан және наурыз айларының аты ретінде де қолданылған екен. Біздіңше, «отамалы» атауының пайда болуына дәп осы екі атау себепкер болған секілді. Ерте кезеңдерде «хұт» (ақпан) және «хамал» (наурыз) ай аттарының қосарлана қатар аталуы себепті әуелгі кезде «хұт+хамал» аталып, кейінірек «үт+амал» дыбыстық құрамында жүріп, тілімізде «отамалы» сөзі қалыптасқан деп жорамалдауға болады. Осы екі атауынан пайда болған «отамалы» бастапқыда қыс пен көктем арасында өлара кезеңді бейнелеген де болуы мүмкін. Соңыра ол жылдың осы мерзіміне сай келетін амал атауына айналған деп түсінудің орайы бар». (Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғай. «Тіл ұшындағы тарих»).
Небесный свод, горящий славой звездной,
Таинственно глядит из глубины, —
И мы плывем, пылающей бездной
Со всех сторон окружены.
Федор Тютчев — орыстың ең тұңғиық философ ақыны, екі дүние лебін сезінетіндей, табиғаттың иррациональды соқыр стихиялық құдіретін түйсікпен біліп, жаны тітіркенердей жырлаған. Болмыс хаос екенін, меңіреу, мылқау, адамды буырқанған дауылды теңіздегі жаңқа құрлы көрмей, шыбын жанын шырқыратып жаншып жіберетін дүлейлігін дәл Тютчевтей сұмдық сезінген ақын сирек. Тобық Жармағамбетов жазмышқа бағынбай, соңғы демі қалғанша алысқан адам образын асқан мейіріммен, жанашырлықпен тебірене суреттеуі тютчевтік сарындағы күңіренуге ұқсас. Стихиялық орасан зор күшті Мағжан «Қара түн, оның зорлығы» нышанда жырға қосты.
Тобық Жармағамбетов аңыз-әңгімесінде қой-ешкіні қазақ халқының төл түлігі, мал баққан халықтың өмір салты  ретінде таңдап алды.
Қой — от, күн қуатын, ерлік, қырсықтықты  тұспалдайтын  маңызды символдың бірі. Қой басты Амон құдайдың құрметіне Иорданияның астанасы Амман аталған; қошқар мүйізі құдайлық белгі саналған. Көбінесе қой құрбанға шалатын мал ретінде жиі пайдаланылған.
Құрбан айтта қошқар шалады. Құрбандыққа адамдар шалынған сұрапыл замандардың құруын, дін оған ресми тыйым салуын тұспалдайды. Қойдың момындығын нышан ретінде діндерде тұспалдады. Алтын жабағы – гректе иен дәулеттің белгісі.
«ҚОШҚАР. 1. Орта жүз арғын тайпасының құрамында қошқар руы бар. 2. Орта жүздегі қыпшақ тайпасы құрамында қошқар руы бар. 3. Мажарстандағы қыпшақтардың құрамында қошқар (кочкар) руы бар». (Ақселеу Сейдімбек. «Қазақтың ауызша тарихы»). Қазақ шежіресінде еркек қой қошқар мен ешкі баласы теке  тайпалық атауға  ие екені білінді. Оның дәстүрлік, ғұрыптық астары болмаса атамас еді.
Қой баласына сүйіспеншілік Табыл Құлиястың «Жиембет» атты кітабында бар: «Қой аз туады. Өзі қоңыр, өзі момын келеді. Тез көбейеді. Бірін-бірі жатырқамайды. Бірінің қозысын бірі емізіп ала береді. Өскесін екі төбенің аржағына шығып кетсе де маңырасып, бірін-бірі жоқтап жатады. Отар, отар қаптап келе жатса да бірінің ырыздығын ит сықылды аузынан жұлып жеп, әлімжеттік етпейді. Алдындағы бұйырғанына қанағат етеді. Тойғанын біледі. Семіздігін де көтереді. Қазақта «Семіздікті қой ғана көтереді» деген мақал содан қалған. Әттең, бір қой пышаққа іліксе, екіншісі де өлгісі кеп тұрады. Бір тамырдан тараған шөпті бөліп жейді. Қызғанышы жоқ. Аштыққа душар болса бәрі бірдей азапты тартады. Маңырағаны да бір сарындылықты танытады».

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,
жазушы.
Астана қаласы.
Ақпарат көзі: http://www.aktobegazeti.kz/?p=26131

загогулина

Жалғыз досым — Тобық

Өткен жылы «СаГа» баспасынан Сәду Нұржаудың «Махаббат — Құдай құпиясы» атты кітабы жарыққа шықты. Осында автор бала күнгі досы — Тобық Жармағамбетов туралы естелігін де жариялапты.  Сол әңгімені сәл ғана қысқартып, оқырмандарымызға ұсынып отырмыз.
                  М.Горький қайтыс болғанда, оның баласы (Пешков) әкесі туралы кітап жазғысы келеді. Сонда бір ақылды адам оған: «Өзің білесің. Бірақ әдетте жазушының ішкі дүниесін, оның творчестволық азап-бейнетін жетік түсінетін, білетін — өзі секілді басқа қаламгер ғана», — депті-міс.
Осыған орай, талантты жазушы Тобық Жармағамбетовтың көз тартар творчествосы туралы, әрине, оның өзіне сай қаламгер жазғаны оңтайлы. Ал егер «оқырман да құр қол емес, оның да пікірін білу артық болмас» десеңіз, онда өз қара басымның айтары былай: «Кезінде, қазақ әдебиеті алаңын құнарлы тілімен құйындатып өткен ерекше бір құбылыс болды: ол — Тобық Жармағамбетов». Ал енді ол құбылысты зерттеу, сараптап-сынау кәсіби мамандардың өрісі (солай болып та жатыр).
Сондықтан бүгінгі таңда мен Тобықтың көпшілікке аян-баян емес бозбала кезі, оның студенттік шағы туралы әңгіме қозғайын.
Тобықпен алғаш танысқанда, біз 13-14 жаста едік. Содан, ол көз жұмып кеткенге дейін (1973 жыл) біздің қарым-қатынас үзілген жоқ. Оның бергі жағында қаншама заң өзгерді, заман өзгерді? Енді өткенге осы биіктік тұрғысынан қарасаң, кешегі орыс мәдениетіне шоқынған пендешілік өмірдің салдарынан, иек астында байқалмай, бейқам жатқан көптеген заттар көзіңе шалынады, мысалы, «алтынның қолда бар да қадірі жоқ» дегендей, өз тіліміздің дәулет-байлығын шашыратып ала жаздағанымыз… «Тәрбие тілден басталады» деп, атамыз айтпап па еді? Абай атамыздың да өсиеті солай — алдымен өз тіліңді жетік білу, сосын ғана басқа мәдениетті игеру. Ана тілі  Абай сияқты данышпандардың рухани анасы!
Оны мен неге айтып отырмын? Айтайық, осы Тобық іс жүзінде белгілі жазушы бола алар ма еді, егер ол  орыс тілінің топансуы астында қалып, тілі күрмелген шала қазақ болса? Әрине, талантты адам түбінде бір жерден тесіп шығады, бірақ әлгі айтқан деңгейге оның жетіп-жетпеуі неғайбыл… Құдай қолдап, Тобық жастайынан ата жолынан тайған жоқ. Неге десең, оның туып-өскен жері әрдайым да тұнып тұрған Ана тілінің ұйытқысы, тасып тұрған тайқазаны болды.
Ғылым баяғыда дәлелдеді, кісі (личность) жастайынан, бозбала кезінде-ақ қалыптаса бастайды. Егер ол жасөспірім, оған қоса басалқы жаратылуынан ұқыпты, талапты болса, онда оған өмірдің өзі-ақ ұстаз! Ол таңданған көзімен жан-жағына қарайды, сонда көз алдында тұратыны: ғажап жарық дүние, көгерген көктемімен, аппақ,жапалаққарлықысыменен құбылып тұрған жаратылыс — ол  табиғат байлығы! Енді үйде де, дүзде де, ұйықтасаң да, оянсаң да  сен ылғи Ана тілінің аяулы аймағында, әрбір сәт сайын оның өшпес тәрбиесінде жүресің  олрухани байлық! О байлықтың құнарлы нәрі тыныс таппай, жұтқан ауамен бірге, тән-тұлғаңа, сана-сезіміңе сіңіп жатыр, әсіресе, намазшам кеште сабақ жаятын құнарлы әңгіме-дастан, ертегімен… Бар байлық сол Ана тілінде — тарих та, діл де, ой-өрісің де, сән-салтанат, әдет-ғұрпың да, ән-күйің де, тіпті қазақділді ерекше мәдениетің де…
Жалғыз-ақ тамшы судың дәмін татып, жер бетіне көлбіп жайылған судың ащы я тұщы екенін білесің.
Жалғыз-ақ тіл арқылы күллі адамзатқа ортақ асыл қасиеттерді табасың: ар-намыс, ұят, үміт, сенім, сағыныш, қайғыру, армандау, адамгершілік, атамекен жеріңе деген сүйіспеншілік, азатқұмарлық, достық, махаббат… Бұлардың бәрі аспандағы ай мен күндей — бүкіл адамзатқа ортақ дүние.
Айтқан сөзді құр босқа жаңғырық қылмай, мысалдармен қолдап-қолпаштайын.
Сұрапыл соғыстан кейін қаусап қалған ел… Жарқамыс — мәдени орталықтардан шалғай жатқан жер, «ұзын сирақ, қысқа тон» кедейшілікті айтпағанның өзінде, өз тарихың, елің, халқың туралы инеге іліп алар, таңдай татыр кітаптар жоқ (бірақ «Молодая гвардия» сияқты қазақшаға аударылған не сол  тақырыпқа байланысты қазақша кітаптар, әрине, болды. Ал қыршыннан кеткен Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» шығармасы қолымызға түсе қалса, бізге бір апталық той-думан, қуаныш). Сонда, ауылдағы барлық рухани байлық — ол туған жерің, ақсақалдардың әңгіме-ертегісі, өз Ана тілің болды…
Тобықтың бір байлығы болды: ол әңгіме-ертекке бай, оның кемеңгер әжесі — Ақлақ! Көрдіңіз бе, оның есімі қандай, ә? Ақлақ — поэзия! Ол Тобыққа Арина Родионовнадан (Пушкин), я болмаса, Зере әжеден (Абай) кем түспейтін еді…
Намазшам бастап берген қараңғы кез… Ақлақ әже кепкен жусан жағып, қазанда құрт қайнатып отыр. Ол кісінің есімі сүйкімді болғанымен, таршылық заман қойсын ба — түсі суықтау болатын-ды, сондықтан мен одан әрдайым сескеніп отыратынмын. Ал Тобық — әжесінің еркесі, бірде оған кенет сұрақ қойды: «Әже, аспанда ешбір белдік-тірек жоқ, сонда ай неге ілініп тұр?», — деп. Менде үн жоқ, оның үстіне сонау алшақ жатқан айда менің тіпті шаруам да жоқ. Міне, екі баланың арасындағы айырмашылық қандай (шындығына келсек, мен 12-13 жасқа дейін «айкезбе» дейтін дертпен ауырғанмын; ай жарықта дала кезіп кететінмін… Енді мүшел жастың құдіретімен, қан тазарып, ол дерттен әрең-әрең айыққанмын, меніңше, айға сол табынғаным да жетеді).
Ақлақ әже: «Бұл дүниені, әйтеуір, бір ғаламат, ғажап  күш ұстап тұр ғой, оған бастарыңды қатырмай, бауырларым, оның орнына сабақтарыңды оқыңдар», — дейді. Оған Тобық бола қоймайды. «Қазақ қит етсе «бауырым-бауырым» деп, шыға келеді, неге осы өкпем-қолқам, болмаса, қос бүйрегім деп айтпайды?» деп, әжесіне қадалады. «Осы кемпір енді бізге жекіп тастайды» деп, мен тыпырши бастаймын. Жо-оқ, әже ошаққа жусанды уыс-уысымен салыңқырай түсіп, сосын қайтадан жайғаса отырып, лапылдаған оттан көзін жазбай: «Сендер жігіт болып қалдыңдар ғой, керек десеңдер оны да айтайын… Лақап бойынша, құрсақта жаңадан жаралған балауса балада жүрек деген дүние болмайды, ол керекті қан қорегін кіндік шегі арқылы анасының бауырынан «тартып» алады. Сөйтіп, нәресте анасының бауырынан ауқат-қоректеніп, онан сайын нығая түседі. Оның қан айдайтын ет-жүрегі сосын ғана пайда болады. Сондықтан болар, қазақ жақсы көретін адамын әрдайым «бауырым» дейді».
Астағыпыралла!? Мінеки, саған, қазақтың анатомия пәні…
Ай жарық. Ауыл балаларымен ақсүйек ойнайтын уақыт та таяп қалды. Ол ойынға қыздар да келеді. Сондықтан мен, шоқ үстінде отырған адамдай мазам кетіп, асыға бастаған «жігітсымақ», енді мына әңгімеден кейін мелшиіп отыра бердім… Тобық та солай… Бірақ ол менің көңілімді аулады ма, «жүр, кетейік» деп, біз ойын алаңына қарай беттедік, ал әлгі айтылған әңгіме естен кетпей қойды…
Жол-жөнекей досымды суреттей кетейін. «Ат ерінді, ер мұрынды келеді» дегендей, Тобық  бойы тапалтақ, әлібозбала болса да, ірі басты, маңдайы кереқарыс, жазық,қошқар мұрынды еді. Мінезі шапшаңдау болғанымен,  ретсіз ешкімнің сөзін бөлмейді, өзін-өзіне сай деңгейде ұстай біледі, ал енді оны біреу-міреу кекетіп-мұқатса, онда ол сол бойда өткір сөзбен жазасын алады. Тобықтың қуақылығы да мол еді, аяқ астынан ол қисынын тауып, айналасын ылғи күлдіре жүретін-ді… Орысша  душа компании.
Мектепте ол үздік оқыды (сол мектеп қазір Тобықтың есімімен аталады). Бірақ неге екенін білмеймін, мүмкін сол киелі жердің су-топырағынан болар, Тобық Ана тіліне байланысты пәндерді ынталана оқитын-ды. Ал мен болсам, о кезде кейбір сөздердің түпкі мағынасын Тобықтай дәл түсініп, сезбейтінмін. Оған дәлел — бастан өткен мынадай бір жәй. Бірде, біз Жем өзенінде шомылып жүргенде, мен өзімше мәнерлей сөйлеп: «Жемнің суы мөп-мөлдір, адамның көз жасындай екен» деймін ғой. Сонда Тобық былай деді: «Сәду, сен осы таяқты көп жемеген баласың, ә?»«Ол неге?» деймін.«Көздің жасы қанжылым қышқылдау, тұз татып келеді, ал, Жемнің суы  тұщы»деді ол. Жетім баланың есі, әрине, ертерек кіреді, бірақ… мынау — ересек адамның сөзі ғой. Мен не айтарымды білмей, қысылып қалдым. Ішімнен ойлаймын: «Құрып қалғыр көздің жасы қышқыл екенін өзім де білем, неге ойланбай айттым. Бұндай жерлерде, не істеріңді білмей, «жетім бала өжет» дегендей, булыққаннан, тіпті төбелескің де келіп тұрады. Бірақ оған тікелей себеп жоқ қой. Сосын, сәл сабырлық тұта, артынан барыпөзің түсінесің: «Апыр-ай, сенен біреу ақылдырақ болса да,адамның мазасы кетеді екен ғой»— деп. Аңдап-абайлап сөйлеуді алғаш рет мен досымнан үйрендім, бірақ, қалған жерде де осы қармаққа талай іліне жүрдім…
Тобықтың ол кездегі осалдау жері  осы орыс тілі болды. Құдай жалғап, біз 6-7-класста оқып жүргенде, Ақтөбеден Москалец деген мұғалім келді. Ол өзі пышақ салсаң да қазақша сөйлемейтін-ді. Сол «қырсық» мұғалім болмағанда, көптеген бала (қалалықжерге жеткенше) орыс тілінен қысыр қалатын еді. (Ғұмырында «тірі» орыс көрмеген, кейбір балалар оның өзгеше бет-әлпетіне, тұздай көзіне, ақселеу
тәрізді бозарған кірпік-қабақтарына таңдана қарап отырып, уақытын өткізіп алады). Сол Москалецтың «безбүйректігінен» бірнеше бала келесі класқа көше алмай қалды.
Осы арада менің ерекше айтайын дегенім: өзінің тілін сүйетін, оны жақсы білетін, ұшқыр ойлы адам басқа тілді де ынталанып игереді екен. Ол — Тобық. Сосын, меніңше, қазақтың жаратылысы — еліктегіш. Қазақтардың орыс тілін тез үйреніп алғаны, мүмкін, содан. Біз сол кезде — итальяндық кино көргендіктен бе, әлде, кездейсоқ кітаптан оқыдық па, әйтеуір, «тарантелла», «кампанелла» секілді сөздерді, олардың мағынасын түсінбесек те, сөз арасында қайта-қайта айта беретін едік. Мен сол сөздердің кейбірінің мағынасын осы күнге дейін білмеймін, білгім де келмейді. Неге десең, сөздікпен түрткілей берсең, олардың құпия-әсемділігі де беті ашылған қыздай, жұмбақ тәрізді сағым бейнелілігі жойылып кетеді; мен ол құлаққа жағымды сөздер «сол күйінде, Тобық екеуміздің таза балалық шағымыздай, бұзылмай-жарылмай, ғұмыры қала берсін» деп, ұйғардым…
Бірде — Тобық көз жұмғаннан кейін, шыдай алмай сөздіктен  «тарантелла» деген сөздің мағынасын іздедім. Айтқанымдай, не болды? Итальяндықтардың ұғымы бойынша, қарақұрт (тарантул) шағып алған адам, тырысқақ дертке тап болып, оның аяқ-қолы ербеңдей бастайды; сол «секең-ербеңді» науқас бір ритмге салып, оны биге (танцы) айналдыра алса, онда ол осы аурудан айығып кетеді-міс. Осындай ритм-биді итальяндық жұрт «тарантелла» деп атап кеткен. Әр затты білген, әрине, дұрыс. Бірақ мен үшін бұның қызығы кетіп қалды… Содан кейін «кампанелла» деген сөздің мағынасын тіпті іздеуден қалдым. Осынау әсем әуенді сөз  — Тоқаң екеуміздің балалық шағымыз сияқты, сол құпия-сағым күйінде ғұмырлық қалсын!
Бірге өскен жолдастар біледі, Тобықтың сол бозбала кезінен маған әсері зор болды. Мектепте жүргеннің өзінде ол тиіп-қашып, қалам түртіп, бірдемелерді жазып жүретін. Өзі ғана жазбайды, мені де қамшылайды. Мен мұғалімдердің үйге берген тапсырмасын (мазмұндама) әрең орындап жүрген жанмын, қалам түртуге тіпті мойным жар бермейді. Біз 15-16-ға, бозжігіт жасқа келіп қалдық. Бірде ғашық болған қызыма өлең жаздым. Сырласым жалғыз — Тобық, оған өлеңім ұнады. «Айттым ғой, сенен бірдеңе шығады» деп, соңыма түсіп алды. «Тобық-ау, мен жүрегім лүпілдеп, ішкен асым бойыма батпай, әбден қояншық бола жаздағасын ғана, осы өлеңді жаздым, менде алып-жұлып бара жатқан ештеңе жоқ», — деймін…
Со бір кезеңдерде, Тобық жартылай өлең, жартылай қара сөз ғып жазған «шығармасын» маған көрсетті. Таң қалдым. Есімде қалғаны: әлемнің бір адам аяғы баспаған жерінде, таңғажайып гүл өсетін көрінеді. Ол гүлдің күлтебас жапырақтары тек азанда, тірі жан ұйқысын қимайтын кезде ғана ашылады; сосын көзді ашып-жұмғанша әлгі гүл күлтебасы қайтадан тез жабылып қалады. Сол қылдай уақытта, гүлдің құмырашығында жатқан нәрден дәм татып қалсаң, онда сен ұлы сезім — махаббатқа тап боласың. Ол үшін түнімен ұйықтамай, гүлдің ашылуын күзетуің керек, бірақ көпшілік, әдетте, балдай тәтті таңғы ұйқысын қимай, қалғып кетеді, сөйтіп, ол ұлы сезімнен құр қалады екен…
Содан, Тобыққа еліктеп (мені бұрыннан «Жайық-Қайық» деген егіздей ұқсас сөздер «мазалап» жүретін еді), мен де отыра қалып жұмбақ өлең жаздым. Дәл мәтіні есімде жоқ, бірақ жобалап айтсам:
Тасырлап таудан ағамын,
Бұза-жыра жағаны…
Жатсынбаймын даланы,
Кесіп өтем қаланы…
Басқы әріпті өзгертсең —
Су бетінде қалықтап,
жүзіп кете барамын.
Тобықтың айтуымен осы өлеңді «Қазақстан пионері» газетіне жібердік. Екі-үш айдан кейін (біз оны тіпті ұмытып кетіппіз), әлгі «дүние» жарияланды. Тобық соған менен артық қуанды.Нағыз дос бола білу, ол да —  талант, яғни табиғат беретін қасиет. Обалы не керек, Тобық соңғы күндеріне дейін маған сеніп, «сенен бірдеңе шығады»деп, үміт артатын еді.Аяулы досым…
Екі-үш жылды артқа салғаннан кейін, мен Ақтөбеге жиналдым, оқуды сонда жалғастыратын болдым. Оның алдында Жем бойында тұрып, Тобық екеуміз «бір-бірімізге үзбей хат жазысып тұрамыз» деп ант бердік, (өзіміз сонда күліп те қоямыз: бұл баяғыдағы Торғай тауының басында Герцен мен Огаревтың өзара ант бергені сияқты болды ғой деп). Біздің хатты «басқа ешкім оқи алмасын» деп, Тобық шифр ойлап тапты, оның әбдені — әліпбидің әріптерін бірімен-бірін өзара алмастырып жіберу. Сол шифр бойынша, «Тобық» деген сөз «бақыт» деген түсінікке айналып кетеді. Мен осы балалық ойынымызды әңгіме ғып айтпас та едім, егер бұ шифрдың қырсықтау жалғасы болмаса?!. Ұзын сөздің қысқасы, артынан Ақтөбеден менің жазған хатымды бір мұғалім Тобықтың партасының үстінен көріп қалады да, сосын оны қолына алып оқып, «бақыт» деген сөзден басқа ештеңені түсінбей әуре болады. О замандағы ұстаздардың «әдептілігі» белгілі, ол «мынау не пәле?» деп, Тобықты қыспаққа алады. Тобық әбден сасқаннан соң, оған шифрды көрсетеді. Астағыпыралла, мұғалім ерінбей-жалықпай шифрмен хатты оқып шығады. Алдымен басын шайқап, күледі. Сосын Тобыққа жекиді: «Сендер не, шпионсыңдар ма?»…
Бірде қолымызға Ахмет Жұбановтың халық сазгерлері, ақын-әншілері туралы жазған кітабы түсті (Тобық қолына кітап түссе болды, әп-сәтте оқып тастайды, ал мен бірнеше күн мыжғылап жүремін). Сондықтан алдымен о кітапты Тобық оқыды. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, досымның әлгі асыл дүниеден алған әсері сондай, бет-әлпеті шырайланып, жүрегі тулап, көздері жалын шашып, тіпті қияли адамға ұқсап кетті: «Ақсұңқардай аспанға атсам, бекіредей тұңғиық теңізге сүңгісем…». «Ау, мынау не айтып кетті» дегенімше болмай: «Осы данышпан күйші Құрманғазы да кезінде біз сияқты бала болды-ау, ә? Шүлдек қақты, асық ойнады», — деп, өз арманының соңынан өзі ұша, ілесе жүретін-ді. Сөйтіп, ол кітапты мен оқып болғанша, Тобық іштегі шерін шығарғандай, мазмұнын маған айтып та үлгерді. О, жалыны өшпес жайсаң жан!
…Тобық университетті қызыл дипломмен бітірді. Оқып жүріп-ақ, әңгімелер жаза бастады, оның тұңғышы «Екі жүрек» —«Жұлдыз» журналында жарық көрді (Тобық мені әңгіменің бір кейіпкері ғып қойыпты), жас қаламгердің жазушылық бұғанасы содан кейін қата бастады…
Диплом қорғайтын күні ол мені арнайы шақырды. Ондай бақытты, өнегелі күнді лайымда ұмытпаспын. Тобық мінбеге шыға сала, өзі баяғыда армандаған сұңқарқұсындай, қос қанатын жая бере, құнарлы-құнарлы сөздерімен сайрай жөнелді, өзіне тапсырған диплом тақырыбын дәлелді, деректі тұжырымдаумен, оны сойған қойдай ғып, боршалап-боршалап тастады. Академик, профессорлардың барлық сұрақтарына мүлт етпестен жауап берді.
Тобықтың жетекшісі Зейнолла Қабдолов: «Тобық аспанға шарықтап бір ұшып алса, енді оны қайта шақырып жерге түсіру қиын» деген наз білдірді. Тобық ойланбастан:«Ағай, алдымен аспанға шығып алайын, ал о биіктен дүрс етіп құлап түсу оп-оңай ғой», деп, тыңдаушы жұртты бір күлдірді (сол жылдары «Кенесары ханның» авторы қуғынға ұшырап жатқан-ды, жұрт есіне сол да түсіп кетті ме, кім біледі).
Енді, Тобыққа қойылған барлық сұрақ тәмам болды-ау деген кезде, кенет Е.Ысмайылов:«Дайындығың мығым жігіт екенсің, соған қарағанда, сен мына сұраққа жауап бере аласың, «әріптер осы неге дыбысты және дыбыссыз дауысқа бөлінеді?» деді. Аудитория іші тыныштала қалды. Менің таң қалғаным, Тобық осындай сауалдың түсетінін білгендей, кідірместен: «Ғалым адамдар баяғыдан әріптер жиынтығын осылай құрастырып, іріктеп қойған екен, сондықтан бұл мәселені мен онша көп қазбалай қойған жоқпын» деді. Мен ішімнен тынып отырмын. Сөйткенше болмай, комиссия төрағасы С.Кеңесбаев қорытынды сөзін бастады: «Жарайсың Тобық, дипломды үздік қорғадың. Ал енді, әлгі соңғы сұрақтың жауабын автордың өзі де білмейді», — деп, қойып қалды. Мәссаған, безгелдек! Мен әскери тәртіппен қалыптасқан офицер, оқымыстылардың арасындағы мынадай сөз бостандығын естіп-көріп, аузымды ашып таң қалдым. «Нағыз демократия мына университет ауласында екен ғой, қап, әттеген-ай, баяғыда Тобық осы оқуға бірге кетейік дегенде, мен Мәскеу жаққа барам деп, досымның сөзіне көнбегенімді қарашы», — деп, сонда мықты өкіндім. Менің қалған ғұмырым әлі сол өкінішпен өтіп келеді…
…Тобық көз жұмар алдында маған хат жазды (Ақтөбеден Алматыға), мен оның хатына жауап бергенше болмай, қоңырау соқты… Ол менімен қоштасқаны екен. Содан іле-шала қайтыс болып кетті.
Біз Өтежан (Нұрғалиев) екеуміз Алматыдан аттанып, жанашыр жұртшылықпен қосыла, Тобықтың денесін Жарқамысқа жеткізіп, ата-бабамыздың жатқан киелі жерінде асыл жанды мәңгілік құшағына тапсырдық…
…Байғанин ауданының 80 жылдық тойы болғанда, мен Қарауылкелдіден аттың басын Жарқамысқа — досыма қарай бұрдым ( «өлі риза болмай, тірі байымайды»). Тобықтың басында құран оқып болғаннан соң, оған арнаған өлеңімді оқыдым.
Тобықтың баяғыда маған: «Сен қазақшылықтан жұрдай болған екенсің», — дегені бар-ды. Оған көнем. Ана тілінен адасып қала жаздадым…
Ас қайтара айтарым, неге Тобықты «жалғыз досым» деймін?
Шын достық — екі жанның еріксіз, бір-бірімен жіпсіз байлануы, ол аспанда ешбір арқан-шылбырсыз бірін-бірі тартып тұрған қос жұлдыз сияқты дүние; енді сен — Қытайда жүр, Қырымда жүр — сол достық шеңберінің «тұтқынынан» шыға алмайсың. Сол шеңберден шыққың да келмейді. Бұл арада ақыл үстемдігі — бәсең, ал жүрек сағынышы — әрдайым еріксіз басым. Сағынып кездесесің, түнімен кірпік қақпай әңгімелесесің —оны түсіндіру қиын, айдалада шаршап-шалдығып, екі жолаушының өзара қуана құшақтасқаны тәрізді.
Шын достық — екі жанның бірін-бірі тек «ымнан» түсіне қалуы, бір-біріне шексіз сенуі, тек Құдай алдында айтатын құпия-сырыңды — досыңа ақтара салу (қалған адамға оны айта алмайсың — жоғарыда көрсетілген көп нүктелер сияқты); шын достар қысылтаяң кезде біреуі үшін біреуі құрбан болып кетуі мүмкін, бірақ бірінің мойнына бірі пендешілік майда-шүйде жүкті артпайды — тіпті қарызға ақша сұрауға бетің бармайды.
Осындай қасиеттің бәрі Тобықтың тұлғасында болды. Құдай алдында айтсам: мен өз басымды ондай биіктіктен көре алмаймын, біздің достықтың ғұмырлық сақталуы Тобықтың ақылына, оның мыңқабат төзімділігіне байланысты. Қалай, енді, оны жалғыз досым демейсің?
Меніңше, ғұмырлық достық — махаббат сияқты — сирек кездеседі. Бұндай тұжырымға мен «Тобық» деген тұлға-құбылыс арқылы келдім…
Р.S. Тобық қайтыс болғаннан кейін ғана, мен қолыма қалам алдым. Алғашқытырнақалдым досым туралы болды: «Письмо другу – радугой» («Таңшолпан» журналы). Ол, бірақ достың орнын толтыра алмайды, тек жоқтау ғана…
Айтпақшы, естуімше, «Тобықтың Шыңғыс Айтматовқа жазған хаты бар» дейді. Жазушы Т.Жармағамбетовтың 80 жылдық мерейтойына орай Қырғызстан ресми түрде сұрау жіберсе — Айтматов архивінде бар ма, жоқ па?..

Сәду НҰРЖАУ,
Алматы қаласы.


Оқитын өлке
Тобықтың туындыларын оқимыз
Кітапқа деген жастардың қызығушылығын арттыру,  қоғамның рухани әлемін жұтаңдатпау, бірлесіп өскелең ұрпақты әдебиет ауылынан алыстатып алмаудың амалын табу  мақсатында ұйымдастырылып жүрген республикалық «Бір ел — бір кітап» және «Оқитын өлке» облыстық акциялары туралы соңғы кездері жиі айтатын болып жүрміз.
              2011 жылы бастау алған  «Оқитын өлке» акциясына бүгінде жастар белсенді қатысып жүр. Сол жылы  Ақтөбе жұртшылығы жазушы, аудармашы Ғалым Ахмедовтың «Жем бойында»  романын, 2012 жылы туғанына 85 жыл толу құрметіне  орай ақын Мұхтар Құрманалиннің «Жұлдызды жорық» кітабын, ал былтыр 90 жылдық мерейтойы аталып өткен көрнекті жазушы Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» романын оқыды.   
Жастарды кітап оқуға баулу, олардың оқу мәдениетін қалыптастыру үшін жыл бойы оқитын жергілікті ақын-жазушы, қоғам қайраткерінің бір шығармасын таңдау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Акция ережесіне сай аудан, ауыл аймақтардан кітапханашылар алдын ала ел арасында сауалнамалар жүргізіп, оқырмандардың ұсыныстарын сараптап, қорытындысын ұйымдастыру комитетіне жібереді. Былтыр жыл соңында С.Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында 2014 жылы  «Оқитын өлке» облыстық акциясына кітап таңдау мақсатында ұйымдастыру комитетінің басқосуы болды. Мәжіліске журналист
И.Асқар, ақын Е.Ашықбаев,  ҚР мәдениет қайраткері Е.Құрманбеков, айтыскер ақын Н.Қалауов, облыстық мәдениет басқармасының бас маманы Ж.Рсалина секілді бірқатар мәдениет саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлер қатысты. Басқосуда айтылған пікір-тілектерді саралай келе, «Оқитын өлке» акциясына ұсынылған шығармалар дауысқа салынып, жерлесіміз, жазушы Тобық Жармағанбетовтың шығармаларын оқу туралы шешім қабылданды.
Тобық Жармағамбетовтың үлкен бір повеске пара-пар «Отамалы» әңгімесі — қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған асыл мұра. Жазушы өзінің «Ақ жауын» повесінде отызыншы жылдардағы қиын кезең туғызған халық қозғалысын, сол кездегі жіберілген өрескел қателіктерді батыл ашып көрсетсе,  «Бәйтеректің жас шағы» повесінде халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің өмір жолының кейбір сәттерін оқырманға шебер суреттеу арқылы жеткізді. Алпысыншы жылдардағы ауыл жастарының тіршілігі, сырласу, нәзік сезім, шын сүйіспеншілік, қазақ ауылының көрікті бейнесі оның «Нәзік бұлттар» деп аталатын повесінде көркем бейнеленді.
Т.Жармағамбетовтың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ауыл өміріне арнап жазған «Қара жаңбыр» атты туындысы да оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленді. Жазушы адамгершілік, достық, махаббат тақырыбына арнап «Екі жүрек», «Екі дос», «Менің достарым», «Кішкентай махаббат» атты әңгімелер жазды.
23 сәуір — Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқықты сақтау күні «Оқитын өлке» облыстық акциясы салтанатты түрде ашылып, жыл соңына дейін жалғасын табатын болады. Бұл орайда аймақтағы кітапхана ұжымдары жерлес жазушы Тобық Жармағамбетовтың шығармаларын насихаттау аясында кездесулер, конференциялар мен  дөңгелек үстел отырыстарын,  әдеби сұхбаттар және т.б. мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырады. Сонымен қатар, қаламгер шығармаларын оқырманға насихаттауда кітапханалар арасында «Ең үздік кітапханалық блог» байқауы жарияланады.
Құрметті ақтөбеліктер! Биыл «Оқитын өлке» акциясы аясында өткізілетін мәдени шараларға қатынасып, Тобық шығармаларын ауыл, қала болып оқуға шақырамыз. Кітапхана есігі Сіздер үшін әрқашан ашық.
Мекенжайымыз: Ақтөбе қаласы, 11-шағын ауданы, 112 «Е» үй, телефондар: 23-74-00, 90-65-36,  e-mail: aktobe_kitap@mail.ru.,
сайт: www.baishev.kz
Гүлстан ХАМЗИНА, 
С.Бәйішев атындағы
облыстық әмбебап-ғылыми
 кітапханасының кітапханаларды 
дамыту  бөлімінің  меңгерушісі.


«Бір ел — бір кітап» республикалық акциясы аясында таңдалып оқылған кітаптар:
1. Абай Құнанбаевтың «Қара сөздері» — 2007 ж.
2. Мұхтар Әуезов. «Қилы заман» — 2008 ж.
3. Мағжан Жұмабаев. «Жан сөзі» — 2009 ж.
4. Жұбан Молдағалиев. «Мен қазақпын» өлеңі — 2010 ж.
5. Оралхан Бөкеев. «Қайдасың, қасқа құлыным» повесі — 2012 ж.
6. Фариза Оңғарсынова. «Дауа» романы — 2013 ж.

«Оқитын өлке» облыстық акциясы аясында таңдалып оқылған кітаптар:
1. Ғалым Ахмедов. «Жем бойында» романы — 2011 ж.
2. Мұхтар Құрманалин. «Жұлдызды жорық» — 2012 ж.
3. Тахауи Ахтанов. «Шырағың сөнбесін» романы — 2013 ж.
4. Тобық Жармағамбетов. Шығармалары — 2014 ж.

Ақпарат көзі: http://www.aktobegazeti.kz/?p=25397 

загогулина

Өмір. Өлең. Кейіпкер.

Өмірден ерте озған жазушы Тобық Жармағамбетов соңына қанша мұра қалдырғаны облыс жұртшылығына біршама белгілі. «Нәзік бұлттар» жас дәуреннің адал сезімге толы арманшыл толғауы болса, «Қызыл ай» тірліктің тініне сіңіп кеткен деректі фактілерді қайтіп көрікті көркем туындыға айналдыруға болатындығының бір үлгісіндей еді. Сол замандағы көрнекті қаламгерлерді жалт қаратқан «Отамалы» ше?!
Бір ерекшелігі, Тоқаңның қай туындысында да ерте қалыптасқан шебер прозашыға тән байыптылыққа қоса, ақжарма ақынға лайық лирикалық лепес те қоса өріліп отырады. Тоқаңның шәкірттерінің бірі, көрнекті ақын Есенбай Дүйсенбайұлы ұстазының туындылары прозадағы поэзия іспетті екенін жиі айтып отыратын. Міне, әуелі осы пікірлерімізге қатысты сәл кіріспе жасап көрелік.
Қазақтың қайталанбас тіл зергерлерінің бірі, терең Потебняның талабына жүгінсек, «қатар келген екі сөзі бір-біріне сәулесін түсіріп тұратын» Тәкен Әлімқұловты ақын ретінде танитындар сирек.
Рас, Тәкен ағамыз әдебиет есігін «Сапар» (1950) деп аталатын өлеңдер жинағымен ашты. Бірақ одан кейін әдеби сынға бүйрегі бұрды да, сондай мақалалары топтастырылған «Жемісті жолда» (1958) деп аталатын кітабы шықты. Одан соң «Ақбоз ат» романы (1962) жарқ ете қалды. Әр сөйлемі сурет салып тұратын ірі жазушы Қалихан Ысқақов бұл роман туралы: «…Бүгін ойлап отырсам, Тәкен туралы алыпқашпа әңгіме «Ақбоз ат» романының дүниеге келуімен байланысты сияқты. Қазақ прозасындағы лирикалық, психологиялық бөлек жанрдағы бұл роман бұған дейінгі талайлардың көркемсөзге татымайтын жалған боямаларының нарқын бұзып, жалған атақпен жүрген беделдердің абыройына нұқсан келтіргенге ұқсайды», — деп жазады. Негізгі әңгімеміз өлең туралы болатындықтан, Қалихан ағамыздың бұл роман туралы пікірін толық келтіруді мақұл көрмедік.
Міне, осы «Ақбоз аттан» кейін ғана Тәкең қайтадан өлеңге аракідік қол созып, жыр жинақтарын («Жазғы жаңбырлар», 1962; «Бозжорға», 1969; «Қаратау өрнектері», 1980)  шығарып жүрді. Әйтсе де Тәкең ақын ретінде әлі де зерттеле қоймаған секілді. Бертінде, өзі өмірден соң жарық көрген, өнер тақырыбына арналған әңгімелері мен повестері топтастырылған «Кертолғау» кітабына («Өнер» баспасы, 1988) «Қобызшы Қорқыт» дастанын енгізерде де (енгізілді де) әртүрлі пікірлер (кітаптың көркемдігіне емес, құрылымына байланысты) болғаны және рас. Жазушының өзі осы романтикалық дастанына жазған «Кірме сөзінде»: «Әдеби жұртшылық мені прозашы санатында таниды. Расы, мүмкін солай да шығар. Бірақ мен бірыңғай поэзияны қуғанда осы күні ақындар көшінің орта шенінде, бәлкім, алдыңғы қапталында жүрер ме едім, кім білсін?!», — депті.
Есенғали Раушановтың «Жапанда жалғыз ағаш…» атты мақаласында мынадай жолдар бар еді: «…Марқұм Тәкен Әлімқұлов қызық кісі еді. Бірде ағамызды ортаға алып сыра ішіп тұрдық. Не шайтан түрткенін білмеймін, Аманхан алым жоқ, берім жоқ, аяқ астынан: «Көке, гәптің қысқасы, нашар ақынсыз. Өлеңді қойсаңызшы», — десін. Маңай құлаққа ұрған танадай тына қалды. Алматыда оған дейін де, одан кейін де дәл сондай тыныштық болған емес. Аманхан сыраны бір жұтты, ағамыз екі жұтты. Ағам бір жұтып аспанға қарады. Аманхан екі жұтып ағама қарады. «Жас жігіт, мен мәдениетті ақынмын», — деді Тәкең ағамыз көктен көзін алмай… Кейін не болды? Кейін түк те болған жоқ. Аманхан Тәкең көкесінің хикаялары туралы табақтай мақалалар жазды. Олары жылдың үздік материалдары атанып, абыройға бөленді. Екеуі Тәкен өлгенше керемет дос боп кетті…»
Прозашының өлеңге ықыласы суымайтындығының мысалы бұл ғана емес. Айталық, осы ғасыр өресінде әйгілі Әбіш Кекілбаев бұрын, кейін жазған жырларын топтастырып, жеке кітап етіп жариялады. Қазақ әдебиетіне «Елім-ай» атты тамаша роман қосқан Софы Сматаев қазір өлеңді өнімді жазып жүр. Баспадан ең алдымен өлең жинақтары шыққандардың қатары тіпті көп: Қажым Жұмалиев, Бердібек Соқпақбаев, Қабдеш Жұмаділов, Дүкенбай Досжанов… Ал Ілияс Есенберлиннің 1945-1957 жылдар аралығында шыққан әуелгі төрт жинағы да поэзиялық туындылар еді. Өзіміздің Тахауи Ахтановтың алғашқы өлеңдері жас ақындардың «Жастар даусы» деген топтама жинағында жарық көргені де өткен күндердің бір дерегі.
Міне, әдебиетке әр кездері келген осы қаламдастары секілді Тобық Жармағамбетов те алғашқы қадамын өлеңнен бастағанын барлығымыз біле бермеуіміз бек мүмкін. Жазушы мұрасының бір парағын да ескерусіз қалдырмауға тырысатын  Әсем Жармағамбетова апамыз туған ағасы Тоқаңның біз көрмеген көлемді қолжазбасын алдымызға қойғанда, содан соң оған үңілген алғашқы сәтімізде жазушылардың көпшілігі талпынысын өлеңнен бастайтыны туралы қалыптасқан түсінік тағы да санамызды түрткен еді.
Әрине, қазақ поэзиясының қазіргі талғам-талабын ескергенде, оқушы Тобықтың, тіпті студент Тобықтың балауса өлеңдерін үлгі ретінде ұсынудың реті де жоқ. Дегенмен автордың өзі де газеттерге жариялауды құнт етпеген (бәлкім, құнттағысы келмеген) сол жолдарда бәрібір алғашқы талпыныстардың анық таңбалары жатыр.
Сол кезгі (шамамен 1951-1952 жылдар делік) мектеп оқушысының қаламына қандай тақырыптар ілігуі мүмкін? Айталық, өзі туып-өскен ауылдың тынысы. Тоқаңның «Түнгі дыбыстар» деп аталатын өлеңі соның бір мысалы.
Тұнып тұрған балқаймақтай түн еді,
Тек қысылып бұлақ жаймен күледі.
Аспандағы самсап тұрған жұлдызға
Көршіміздің жас күшігі үреді…
Өлең осылайша езу тарттырарлық таныс суреттермен басталады да, көңілді елең еткізетін жайдары сауалмен аяқталады:
…Тұр, мінеки, жазғы әсем түн тұнып,
Тағы барад барлық дыбыс тұншығып.
Жетші, кәне, желдің шипа жібегі,
Қалдың ба әлде абайсызда жыртылып?..
Өлеңнің объектісі түнгі суреттер ғана емес, негізінен түнгі дыбыстар туралы екенін жас автор тіпті де естен шығармайды. «Қарауытқан ну қамыс», «шалшыққа түнеген үйректер», «басын лайға тыққан бақалар», «жылаған үкілер», «жұлдыз санаған көлшік-сулар» арқылы бейнеленетін түнгі тіршіліктің бұйығы үніне қанағаттанбайтын жас көңіл, жоғарыдағы соңғы шумақта көрсетілгендей, тұншыққандарды оятатын екпінді желді аңсайды. Ол замандағы ауыл түні, расында да, әуелгі табиғи қалпына көп өзгеріс ене қоймаған уыз дүние еді ғой.
Тоқаңның 1951 жылы жазылған «Маужыраған түн еді…» деген өлеңі де «күміс табақтай айды», «самсаған жұлдыздарды», «теңселген жапырақтарды», «жартастар бойын жағалай ескен самал желді» сүйсіне баяндай келеді де, бірақ тағы да тыншусыз дәуреннің түпкі мақсатын жарқ еткізеді:
Созылып жатыр айдын жол,
Ағараңдап сәулемен…
Таппасаң да ештеңе,
Әурелен, арман, әурелен!
Мойындамасқа болмайды: ештеңе таппайтыны белгілі болса да әйтеуір елегізу — жас жүректің ақиқат дүрсілі.
Осыған ұқсас тағы бір сезім жалыны сол кезеңдерде жазылып қалған «Арман» деп аталатын тағы бір дара шумақта және елес береді:
Белес басып, сағым қуып,
Түзге шырқап кетесің.
Не ойлайсың? Іздегенге
Қашан қуып жетесің?
Ал бұдан кейінгі тағы бір өлеңдегі тағы бір шумақта шәкірт арманға жетер жолдың бір мүмкіндігі қайратқа бел буу екенін түсінгендей қалып танытады:
Жасыма, жаным! Буымен
Атыл алға жастықтың.
Зуылда, самға! Уымен
Уланба жасқаншақтықтың.
Тоқаңа ұстаздық еткен Ниетжан Берікұлы ағамыздың естеліктерінің бірінде мынадай жолдар бар еді: «Тобық 1951-52 жылдары Жарқамыс орта мектебінің 9-10 кластарында оқыды. Мен қазақ әдебиетінен оларға дәріс оқыдым… Біз сияқты институтты жаңа бітіріп келген жас мұғалімге Тобық оқитын класқа сабақ беру үлкен сын еді. Ол әдебиеттің дүниежүзілік, батыстық, шығыстық үлгілерін көп білетін… Әдебиетті терең білетіндігінен, оны сүйіп оқитындығынан Тобықпен әдебиет теориясы, әдебиет сыны, әдебиет тарихы, әдеби тіл, проза, поэзия, драма салаларынан әңгіме-дүкен құру жас ұстаз мен үшін де өте қызықты еді…»
Біз мысалға алып отырған жоғарыдағы өлеңдердегі аңсаулардың, яғни бейқам тыныштықтан арылғысы келетін бұлқыныстардың негізі Тоқаңның аласапыран тіршілікті баяғыда бастап кеткен еуропалық елдердің әдебиетіндегі қатал қақтығыстардан зерделеген түйін-түйіткілдері болуы да мүмкін. Өкінішке қарай, қазір біз сол өзін-өзі әлдилеген жым-жырт тылсым табиғатқа қайтадан құштар болып жүрміз. Бірақ бұл, әрине, басқа әңгіменің еншісі.
Жазушының қолжазбасын саралағанда, әлбетте, қандай тақырыптарға қалам тартқанына назар аудармасқа болмайтындығы мәлім. «Өлең», «Ой», «Күй», «Көктем», «Сау бол, толқын», «Ембі», «Ақыл мен сұлулық», «Мен кімді сүйемін», «Бір тамшы жас», «Жер туралы ой», «Шахматтық фантазия», «Қызыл гүлге», «Кітап», «Телеграф бағанына» тәрізді өлеңдер жас талаптың сол кездегі көңіл өрісі қай тараптарда болғанынан едәуір хабардар етеді. Рас, қай талапкердің де қаламына кейде жанама, кейде тура түрде әр заманының өз саяси көзқарасы ілігуі де заңдылық. Жас Тобықтың «Коммунизм», «Комсомол билеті», «Бейбітшілік жеңеді», «Кореяда», «Киров өліміне» тәрізді өлеңдеріне осы тұрғыда қараған абзал.
Т.Жармағамбетов өзінің (өз туыстары мен ауылдастарының да) өміріне қатысты біраз автобиографиялық деректерді көптеген шығармаларына епті шеберлікпен енгізіп отырғаны жазушыны жеткілікті танитындарға әбден мәлім. Сондай туындылардың бірі — «Жан» деп аталатын оптимистік хикаят.
Жан — басты кейіпкердің есімі. Ол жазылмастай дертке шалдығады да, кейін құлан-таза айығып шығады. Жүрек ауруына ерте іліккен Тоқаңның бұл кейіпкеріне «Жан» деген символикалық есім беруі де, туындының ерекше көңілді сарынмен аяқталуы да түсінікті жайт. Жазушы Жанды былай суреттейді: «…Классиктерді құмарланып оқыды. Олардың шығармаларын оқи отырып, бейне маңайы жұпарға толып, самал жұтып отырғандай я лаулаған жалынның ортасында отырғандай сезінетін болды. Әрбір құпия әріптің астарын сөгіп қарап, әрбір сөздің қақпағын ашып көріп отырды. Өзі де оңашада өлең жазатынды шығарды. Бірақ ешкімге көрсетпей, баласын қорғаған мысықша, қызғана, ұрлана жазатын болды. Жазғандарының өзін де ешкімге көрсетпей, тығыла, ұяла сақтады. Іштей жазушы болуды, ақын болуды арман етті…». (Тобық Жармағамбетов. «Отамалы», әңгімелер мен хикаяттар. Алматы, «Раритет», 2002).
Жазушы сол Жанның уақытша күйзелістерге түскен сәттерінің бірін былай баяндаған екен: «…Енді ойлап қараса, өзінің өмір жолы аттың тұсауынан да қысқа екен. Тіпті ештеңе істей де алмапты. Өзі ертеректе сүйіп айтатын, өзінше жақсы ойлап таптым дейтін:
«Топырақты үй дағы төбе жаса,
Тау тұрғызу қолыңнан келмесе де», —
дегендей төбешік те жасай алмапты. Енді өмірмен есептесіп, қоштасып, жөнелейін деп тұр…»
Әсем апай әкелген қолжазбаны ақтарып отырғанда дәл осы өлең жолдары көзімізге оттай басылды. Бұл, өкінішке қарай, қай кезде жазылғаны анық көрсетілмей қалған бір шумақтың екі жолы екен. Ал шумақтың толық нұсқасы мынау:
Өмірді теңемеймін мен кемеге,
Із тастамай бос кету керек неге?
Топырақты үй дағы төбе жаса,
Тау тұрғызу қолыңнан келмесе де.
Кезінде (1999 жылы) Тоқаңның Қазақ мемлекеттік университетін бітіретін 1957 жылы жазған, «Жарқамыс деген бір жер бар…» деп басталатын өлеңін осы Әсем апайдың қолынан көріп, газетке жариялағанымыз бар. Кейін бұл өлеңге ҚР Мәдениет саласының үздігі Орал Байсеңгіров әдемі ән шығарып, қазір сахналарда орындап та жүр.
Дегенмен, қалай болғанда да, Тоқаң шығармашылық сүрлеуін одан әрі өлеңмен өріп кеткен жоқ, біржола прозаға бас бұрды, қазақ әдебиетіне ылғи бір құнды әңгімелер мен хикаяттар қосты.

Р.S. Әсем Мырзағұлқызы құрастырған «Тобық-тағдыр» атты кітаптың (демеушісі Исатай Әділов, редакторы Нұрмұханбет Дияров) тұсаукесері өтер қарсаңда қолымызға түскен қолжазба туралы айтпақ ойларымыз осы еді.
Ертай АШЫҚБАЕВ.
Ақпарат көзі: http://www.aktobegazeti.kz/?p=21415  
загогулина


АҒА ЖАЙЫНДА ЕСТЕЛІК немесе АРЗУ

Әсем ЖАРМАҒАМБЕТОВА
(Т. Жармағамбетовтың қарындасы)


Тобық ағамның туғанына сексен, дүниеден озғанына қырық жылдан астам уақыт болыпты. «Диірменнің тасындай дөңгелеген дүниенің» мұнша қысқа әрі ұзақ айналатынын кім білді дейсің...
Көзімізді ашқаннан, көргеніміз: жоқшылық, жетімдік, жалғыздық. Осының бәрін бастан өткеріп, азабына көніп, енді ғана алдан жарық сәуле көрінген сәтте арқаңды сүйеген, жел жағыңа ық болған абзал ағаның бізді тастап кете барғаны қалай деп қабырғам қарс айырылған еді. Осы күнге дейін санамды тілгілеп, сабырға тоқтағысы келмейтін мендегі мазасыз бір ойдың ұштығы осында.
Қалай десек те, өмірдің өтері, пенде атаулының пәниден бақиға, әйтеуір сағаты соққан сәтте қоныс аударатыны ақиқат. Солай десек те, ажалдың азабына көну, ақиқатын мойындау – ауырдың ауыры екен. Тоқтамға көнетін, тәубеге келгіш халықпыз ғой. Сүйікті ағайымның мәңгілік сапарына қаншалықты сенбей, бір келіп қалатындай екі көзім төрт болғанымен, уақыт мойындатады екен. Тек бір ғана тәубе ететінім – ағамның артында із қалғандығы.
Тобық ағамның тірліктегі серігі, аяулы жеңгем Сапия асылдың сынықтарын – Марат, Серік, Саяны қатарынан кем қылмай жеткізіп, әке мұрасын ұмыттырмай өсірді. Оған сол үшін де шексіз ризамын. Осылайша Жармағамбетовтер әулетінің оты өшпей, шырағы сөнбей келе жатқаны – менің үлкен бір тәубам – осы.
Екіншіден, Тобық ағамның артында халықтың игілігіне жарайтын үлкен рухани дүниелердің қалуы. 1966 жылы жарық көрген «Нәзік бұлттардан» бастап, одан бергі «Екі жүрек», «Сентябрь түні», «Соңғы хат», «Ақ жауын» кітаптары оның ғұмырының жалғасы іспетті. Егер биылғы жылы ағамның алпыс жылдығы туралы сөз болып жатса, сөз жоқ, осы еңбектерінің бағасы.
Ағатайым туралы сөз қозғасам, көкірекке кептелер әңгіме көп, қайсыбірін айта берейін. Балалық шақтың біраз жәйттері есте тұр әлі күнге дейін. Ол қолы қалт еткенде кітап оқуға құмар еді. Шетел, орыс жазушыларының шығармаларын қызыға оқитын. Кітапқа үңілгенде бүкіл дүниені ұмытып, жан-тәнімен беріліп кететін. Бірде Александр Пушкиннің поэмаларын оқып отыр екен. «Аға, мына кітапты қалай түсініп оқып жатырсың» деп сұрап қоймап едім, келген жерін тырнағымен сызып белгіледі де: «Иә, айналайын, Пушкиннің өлеңдерін түсініп оқу оңайға түспейді. Бірақ шамалап ұғамын ғой», – деді. Сосын арқамнан қағып, әрі қарай заулатып оқи жөнелді. Оның кітап оқудағы табандылығы осындай еді.
Кітапқа қатысты тағы бір оқиға ойға оралады. Оныншы класқа өткен жылы еді. Бір күні екеуміз үйге керек-жарақ әкелу үшін дүкенге бардық. Киім-кешектің аз кезі ғой. Шұлық түсіп жатыр екен. Бұған мен қуанып кетіп: «Ағатай, шұлық сатып алайықшы» дедім. Ол үндемеді. Мен шыдамсызданып: «Екеумізге де керек қой» деп тағы нығарладым. Ол «Әзірге менде бар ғой» деді ме, маған екеуін алып берді. Енді кітап сататын бөлімге келдік. Ағай дүкеншіден оны-мұны сұрап жарты сағаттай айналды. Ақырында бір қолтық кітап алып шықты. «Кітап дегенің үйде толып тұрған жоқ па» деген менің наразылығыма: «Көкеш, сен үндеме, көптен бері түскен қызық кітаптар екен. Бүгін келмегенімде өтіп кететін түрі бар. Жолымыз болды», – деді балаша мәз болып.
Ол кітап оқымаған күні бірдеңем ұмыт қалғандай сезінемін деуші еді. Осының бәрі оның үлкен жазушылық жолға дайындығы екен ғой.
Кейін өзінің кітаптары да шыға бастады. Өзіне тән бір қасиеті, әр туындысы дүниеге келген сайын дос-жарандарына, тума-туыстарына қолтаңбасымен сыйға тартатын. Алғашқы кітабы «Нәзік бұлттар» 1966 жылы жарық көрді. Оны ағай маған почта арқылы жіберді. Сол кезде кітаптың алғашқы ашық бетінің жоғарғы жағына жазған сөздері маған соншалықты ой салмағандай, мән бермеген екенмін. Қазір қара­сам, ағайымның ұп-ұзақ тарбита жаз­ған жазуы да көзіме оттай басы­лып, сағынышқа толы сезімімді оятады.
Сол алғашқы кітабы шыққанда көп ұзатпай құтты болсын айтып, ағайымның үйіне бардым. Ол көңілді екен. Кітабына оң болсын айтқан құттықтау-телеграммалар Жарқамыс орта мектебінің оқытушылары мен оқушыларынан, дос-жолдастарынан ағылып келіп жатты. Халықтың мұндай ықылас білдіруі оған күш-қуат бергені, жаңа шығармалар жазуға құлшындырғаны анық.
Тобық ағам шығармашылық жұмысқа қанша беріліп, кіріскенімен, қандай сәтте де дос-жарандарынан бөлектене алмайтын, оларды аңсап отыратын. Сол тілегіне орай ма, тіршілікте достары да көп болды. Бірде жазу үстелінде қағазға шұқшиып отырды. Әлдебір дүние жазып жатқаны анық еді. Бірақ сол күні үйде тыныштық болмады. Қайта-қайта телефон қоңырауы шалынып, орнынан тұрып кете берді. Ол да ештеңе емес екен, біреулер келіп, біреулер кетіп, ұзақ-ұзақ әңгімелесіп жатты кейбіреулері. Ал, ағай болса, соның бәрімен де шұрқырасып амандасып, қарқылдап күліп қарсы алудан бір тынған жоқ. «Мына адамдар кімдер еді, ойыңды бөліп, жазуға мұрша бермеді ғой» деген менің қынжылысыма, сәл жылы жымиып: «Бәрі де менің достарым ғой, көкеш! Осылар неғұрлым көбірек келсе, көңілім көтеріліп, шабытым шалқып жүре береді» деген еді. Оның досқа деген көңілі осындай болатын.
Тобық ағаммен кішкентайдан бірге өскен досы Сламғали деген жігіт облыс орталығындағы ауруханаға жатып қалды. Оны мен ауылдан телефон арқылы ағама хабарладым. Ол сол бойда бүкіл қала ауруханаларын шарлап, Сламғалиды тауып алыпты.
Ол дос-жаранға осындай болғанда туыстыққа, бауырмалдыққа тіпті өліп-өшіп тұратын. Анда-санда алыстан сағынып келгенімізде жас балаша алдымыздан жүгіріп шығып, есікті де өзі ашатын. «Бауырларым келіп қалған екен ғой» деп жүзінен ерекше мейірім төгіліп, жайдарыланып сала беруші еді. Кейде тағдыр алғы күннің қам-қарекетіне орай қиюластыра береді екен ғой. Оның өмірінің соңғы жылының май мерекесі қарсаңында үш ауылға кеткен үш қарындасы – Сұлу, Тілектес және мен шақырулы қонақтай болып, бір мезгілде бауырымыздың үйінде бас қоса қалдық. Аяулы ағаның сол күнгі қуанышын көрсеңіз. Шәйді үлкен бөлмеге, жерге дастархан жайғызып, жасаттырды. «Жамбастап жатып шәй ішкенге не жетсін?» деп отырушы еді. «Бүгін төрт көзіміз түгелденген екен, барлық шаруаны жинап қойып, бәріміз естелік суретке түсейікші» деп ұсыныс жасады.
Мен он тоғыз жасымда басқа үйдің табалдырығын аттадым. Әрі абысыным, әрі енем болған Зылиха мені туған қызындай көрді. Талай қиындықты, жетімдікті бастан өткерген маған оның аялы алақаны сондай мейірімді еді. Ол Тобық ағам келгенде баласындай мәпелейтін. Қай кезден де көңілім бос, әрі өткенді ойлап жылай беретін болсам керек, Тобық ағам маған: «Көкеш, жыламасайшы, жеңешем маған да шеше. Апамды іздей беретінің не?» дейтін.
Тобық ағам соңғы рет қатты құлағанында, мен хабар келісімен жолға шығып кеттім де, мен кеткен соң екі сағаттан кейін оның өлімін естіртіпті ауылға. Сонда Зылиха апам «Баламдай болған жарығым» деп тынбастан жоқтау айтыпты. Осының бәрін ой елегінен өткізгенімде, адам әуелі тума-туысына қандай қадірлі болса, соларға ықыласын, ыстық пейілін ұсына білсе, осындай шапағаты айналасындағы қалың қауымға, жұртшылыққа да тиеді екен-ау деген тұжырымға келдім.
Сөз басында ағатайымның 1973 жылдың күзінде өмірден өткенін айттым. Ол кіндік қаны тамған жері Жарқамыста жерленді. Ақтөбеден көптеген жора-жолдастары келді. Байғанин ауданының сол кездегі басшысы Сматолла Беркімбаев еді. Ол ел азаматтарының басын құрап, үлкен азаматшылық жасады. Ағайын-тума, ел-жұрт аза тұтып, ақтық сапарға ағатайымды барлық рәсім-құрметін жасап шығарып салды.
Ағамның іске асырмақ арманы көп еді. Қайтыс боларынан төрт-бес ай бұрын бір сөзінде: «Біздің де Ақтөбе қаласына көшіп келгенімізге бірнеше жыл болыпты. Өзіме ыстық көрінетін қала жайлы әлі күнге дейін ештеңе жаза алмағаныма қысылып жүрмін. Кейде сырқаттанып қалып, тоғысқан ойларым тоқсан тарау болып кетеді. Дегенмен, уақыт тауып, осындағы ферросплав заводының жұмысшы-қызметкерлерінің тыныс-тіршілігін романға лайықтап жазуға дайындалып жүрмін» деп еді. Ол ойы өзімен бірге кетті.
Биыл Мейірхан Ақдәулет, Ертай Ашықбаев, Бауыржан Бабажанұлы сияқты азаматтардың қолдауымен Тобық ағамның кітабы шықты. Сол үшін азаматтарға мың алғыс. Бұл – аға мерейтойының басы деп білемін.
Өзінің туған ауылы Жарқамыста ағамның атында мектеп бар. Сол мектептің бір бұрышын музей етіп қойыпты. Ауылдағы Асау Маханов, Айтуған Жұбаналин деген азаматтар арнайы жер алған екен. Енді ағамның сексен жылдығында сол жерге музей тұрғызылса деген арманым бар.
Сексен жылдығы республика көлемінде өтсе деген арзуым – бұл.
Дайындаған Б.Арықбай.
Ақпарат көзі: http://writers.kz/journals/?ID=10&NUM=262&CURENT=&ARTICLE=7144


загогулина

1 комментарий:

  1. Мен Гарманнан күміспін, мен 8 жыл бұрын баласыз үйленгенмін, мен шешімді қатты іздедім, себебі дәрігер жүкті бола алмайтынымды айтты, бірақ менің досым мені доктор Уайт деп аталатын заклинантқа жіберді. оған менің проблемаларымды түсіндірді, ол 12 күнде менде бәрі жақсы болатынына уәде берді, ол маған барлық нұсқауларды берді, мен ауруханаға тексеруге бардым, олар жүктіліктің 1 аптасында екенімді растады, ал қазір менде менің сұлу ұлым мен тағы да басқа жүктілікке тап болдым, саған рахмет доктор Уайт, барлық шешімдер үшін оған хабарлас,

    1) егер сіз бұрынғы қызметкеріңізді қайтарғыңыз келсе.
    2) егер сіз емле жүкті болғыңыз келсе.
    3) егер сіз жүктілікті тоқтатқыңыз келсе.
    4) егер сіз біреуді жақсы көргіңіз келсе.
    5) аурудың немесе аурудың барлық түрін емдеуге арналған емле.
    Және басқалар.
    ол ең жақсы және шыншыл. wightmagicmaster@gmail.com. WhatsApp: +17168691327

    ОтветитьУдалить